30.05.2026, 15:30

«Барселона»: Алматылық блогер қазақша есімін өзгертті

Фото: azattyq ruhy

Бұл отбасындағы жалғыз ерекше есім емес.

Алматы қаласының тұрғыны Айтолқын Айханова есімін ресми түрде өзгертті. Ол Халыққа қызмет көрсету орталығынан жаңа туу туралы куәлігін алып, бұл қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Тұрғынның айтуынша, ол 36 жыл бойы иеленіп келген Айтолқын есімінен бас тартып, өзіне сәби кезінде берілген ең алғашқы есімін қайтаруды жөн көрген.

«Мені танитындар туғанда қойылған бірінші есімімді біледі. Мені 40 күнге дейін солай атаған, кейін есімімді ауыстырып тастады. Ал бұл есімді маған өз атам қойған еді. Осы жаста өмірімді толықтай өзгертіп, алғашқы есімімді қайтаруды ұйғардым. Мен енді Айтолқын емеспін. Мені Барселона деп атаңыздар», — деді ол.

Ол атасының неліктен мұндай ерекше есім таңдағанының құпиясын да ақтарды. Белгілі болғандай, оның атасы әлемдік спорт додалары өткен қалалардың атауын балаларына беруді дәстүрге айналдырған.

Айтолқынның (ендігі Барселонаның) айтуынша, ол Барселонада өткен Олимпиада ойындарының құрметіне аталған. Бұл отбасындағы жалғыз ерекше есім емес. Оның үлкен ағасының есімі Сеул болса, інісінің есімі — Сидней, ал жиен қарындасына Токио есімі берілген.