22.05.2026, 12:30

«Бағалар шектен шықты»: Блогер ішкі рейстер мен қымбатшылықты сынға алды (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

"Қалай біз ішкі туризмді дамытамыз, егер ішкі рейстердің бағасын реттей алмай отырсақ?"

Танымал блогер Әли Ермағамбетов желідегі парақшасында Қазақстандағы баға саясатына қатысты пікір білдіріп, ішкі туризмнің қымбаттығын сынға алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, кейбір бағыттардағы әуе билеттерінің бағасы шетелге ұшудан да қымбат болып кеткен.

Блогердің сөзінше, Астана–Атырау бағыты бойынша ұшақ билеті кей жағдайда 135 мың теңгеге дейін жетсе, дәл осы бағаға Еуропаға, соның ішінде Лондонға да ұшуға болатынын атап өтті. Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқылануда.

Әли Ермағамбетов ішкі нарықтағы баға қалыптасу жүйесіне күмән келтіріп, мұндай жағдай ішкі туризмнің дамуына кедергі келтіріп отырғанын айтты.

«Астанадан Атырауға дейін ұшаққа билет бағасы 135 000 теңге, ал Астанадан Лондонға да 135 мың теңге. Бұл қалай болғаны? Қалай біз ішкі туризмді дамытамыз, егер ішкі рейстердің бағасын реттей алмай отырсақ?» — деді ол.

Блогердің пікірінше, Қазақстанда демалу кей жағдайларда шетелге қарағанда қымбатқа түседі. Сондай-ақ ол ел ішіндегі кейбір тауарлар мен қызметтердің бағасы көрші елдермен салыстырғанда жоғары екенін де атап өтті.

«Шетелде демалу Қазақстанда демалуға қарағанда әлдеқайда арзан. Қазақстанда көліктер де шетелге қарағанда қымбат. Неге бұлай?» — дейді ол.

Әли Ермағамбетов мұндай жағдайдың себебі ретінде нарықтағы бәсекелестіктің жеткіліксіздігін және кей салаларда монополиялық немесе шектеулі бәсекенің болуы мүмкін екенін алға тартты.

«Бәлкім, кәсіпкерлер нарықты бөліп алған шығар немесе бәсекелестік жоқ. Егер шынайы бәсекелестік қалыптасса, баға төмендеп, сапа артады», — деп пікір білдірді блогер.

Ол сондай-ақ шетелдік инвесторларды қолдау және нарыққа жаңа ойыншылардың келуіне жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Әлеуметтік желіде тараған бұл пікірлер қоғамда баға саясаты, ішкі туризмнің дамуы және нарықтағы бәсекелестік мәселелеріне қатысты талқылауды күшейтті.