22.05.2026, 10:20

Оралда бір топ қаңғыбас ит 5 жастағы қызды талап тастады

Фото: freepik.com

Оқиға 17 мамыр күні кешкі уақытта тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған.

Орал қаласында қаңғыбас иттердің үйірі бес жастағы балаға шабуыл жасап, бүлдіршін ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға 17 мамыр күні кешкі уақытта тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Баланың анасы Назгүл Сандыбаеваның айтуынша, ұлы сыртта ойнап жүрген кезде оған жеті ит бірдей тап берген.

«Ұлымның денесінде сау жер қалмады деуге болады. Иттер санының жамбасын қатты тістеп, арқасын жыртып кеткен. Қолдары мен саусақтарын да қауып тастаған. Қазір бүкіл денесі жарақат», – деді анасы.

Әйелдің сөзінше, баланың жан даусын естіген көршісі жүгіріп шығып, оны иттердің арасынан құтқарып қалған. Кейін ата-анасы бүлдіршінді шұғыл түрде ауруханаға жеткізген.

Дәрігерлер балаға сегіз тігіс салып, қажетті екпелер жасаған. Қазір ол мамандардың бақылауында.

Назгүл Сандыбаева тұрғындардың бірнеше жылдан бері аула мен балалар алаңы маңындағы агрессивті қаңғыбас иттерге қатысты шағым айтып келе жатқанын жеткізді.

«Мұны хайп үшін айтып отырған жоқпын. Басқа ата-аналар мұндай қорқынышты жағдайды бастан өткермесе екен деймін. Бес жастағы балаға жеті иттің бірдей шабуыл жасауы – ақылға қонбайтын жағдай», – деді ол.

Қала әкімдігі қараусыз жануарларды аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялау және уақытша ұстау жұмыстары қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілетінін мәлімдеді.

Әкімдік дерегінше, сәуір айының басынан бері қалада 283 қаңғыбас жануар ауланған. Оның ішінде 205 жануар зарарсыздандырылып, вакцина салынғаннан кейін қайтадан табиғи ортасына жіберілген.

Сондай-ақ шенеуніктер жануарларды аулау тұрғындардың өтініші негізінде және гуманистік тәсілмен жүзеге асырылатынын атап өтті.

Ал санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мәліметіне сәйкес, тек сәуір айында ғана қалада жануарлардың адамға шабуыл жасауына байланысты бес жағдай тіркелген.

Айта кетейік, бұл оқиға Қазақстанда қаңғыбас жануарлар мәселесі қызу талқыланып жатқан кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Мәжіліс депутаттары ОСВВ бағдарламасының (аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялау және қайта жіберу) қаңғыбас иттердің санын азайтуға әсері болмағанын айтып келеді.

Тегтер: 5жас Орал иттер