$ 471.77  547.25  6.6

Попкорннан көз жұмған жігіт: Алматыдағы қайғылы оқиғаның мән-жайы айтылды

Марқұмның туыстарының айтуынша, оқиға 17 мамыр күні болған. 

Фото: ЖИ
Фото: ЖИ

Алматыдағы “Форум” сауда орталығында болған қайғылы жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. 29 жастағы жігіт киносеанс кезінде өзін жайсыз сезініп, кейін көз жұмған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Caravan.kz медиа порталына сілтеме жасап. 

Марқұмның туыстарының айтуынша, оқиға 17 мамыр күні болған. Жас жігіт фильм басталар алдында попкорн сатып алған. Біраз уақыттан кейін оның тамағы жыбырлап, жағдайы нашарлай бастаған. Ол дәретханаға барып құсқаннан кейін қайтадан залға оралып, өзін жеңіл сезінгенін айтқан.

Алайда арада көп уақыт өтпей оның жүрек тұсы ауырып, артынша есінен танып қалған. Куәгерлер бастапқыда оны жүрек талмасы болуы мүмкін деп ойлаған. Өкінішке қарай, жігіт жедел жәрдем келгенше қайтыс болған.

Марқұмның жақындары егер сол сәтте алғашқы көмек көрсете алатын маман жанында болғанда, оны аман алып қалуға болар еді деп санайды.

Оқиғадан кейін желіде түрлі болжамдар айтыла бастады. Хирург dr.umirzak жігіттің жағдайы ауыр аллергиялық реакция — анафилаксия болуы мүмкін екенін жазды.

Маманның айтуынша, кенеттен құсу, әлсіздік, тыныс алудың қиындауы және естен тану анафилактикалық шок кезінде байқалуы мүмкін. Ол попкорнның өзі немесе оның құрамындағы май, ароматизаторлар мен түрлі қоспалар аллергиялық реакцияны қоздыруы ықтимал екенін атап өтті.

Ал желі қолданушысы Feat_of_faith бұл жағдай тұншығудан болмағанын айтады.

«Егер попкорн тыныс жолын жауып қалса, ол орнынан тұрып, дәретханаға барып үлгермес еді. Бұл басқа реакцияға көбірек ұқсайды», – деп жазды ол.

Сондай-ақ қолданушы бес жасар ұлының да попкорн жегеннен кейін жағдайы күрт нашарлағанын бөліскен. Оның сөзінше, бала бірнеше рет құсып, екі мәрте ауруханаға түскен. Дәрігерлер нақты диагноз қоя алмаған.

Оқиға куәгері Мұратжан Советханұлы да сол күнгі жағдай туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, сеанс басталғаннан кейін шамамен 10 минут өткенде көмек сұраған дауыстар естілген.

«Кинотеатр қызметкерлерін шақырып, қолдан келгенше алғашқы көмек көрсеттік. Жүрекке жанама массаж жасап, жасанды тыныс беруге тырыстық. Forum әкімшілігінен медицина қызметкерлерін шақыруды сұрадық. Бірақ бізге жексенбі күні болғандықтан медицина қызметкерлері жұмыс істемейтіні айтылды», – дейді куәгер.

Оның сөзінше, шамамен 15 минуттан кейін ғана ақ халатты әйел келген. Алайда ол кезде жігіттің жүрек қағысы сезілмеген.

Бұл оқиғадан кейін әлеуметтік желі қолданушылары қоғамдық орындарда алғашқы көмек көрсете алатын мамандар міндетті түрде болуы керек деген пікір айтуда.

Мамандардың сөзінше, мұндай жағдайда алғашқы минуттардағы дұрыс әрекет адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0