$ 471.77  547.25  6.6

«600 млн теңге дауына қатысты барлық дәлел қолымда бар»: кәсіпкер Азамат Үсімбеков өз шындығын айтты (ВИДЕО)

Оның сөзінше, «Ремстрой» компаниясы атқарылған жұмыс үшін қаражат төленбеді деп мәлімдегенімен, өзі тікелей мердігермен толық есеп айырысқан.

Кәсіпкер Азамат Үсімбеков UlysMedia YouTube арнасына берген сұхбатында өзіне қатысты даулы мәселелерге жауап берді. Кәсіпкер компанияны қалай сатып алғанын, 600 млн теңге дауына байланысты ұстанымын және журналист Ботагөз Омаровамен болған жайтты айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

"VD Stroy Engineering" жетекшісінің айтуынша, ол құрылыс саласына әкесінің жолын қуып келген.

«Мен Ақтөбеден шықтым. Әкем құрылысшы болған соң осы саланы таңдадым. Әр жылдары түрлі өңірлерде мектептер, тұрғын үй кешендері сияқты жобаларды жүзеге асырдық. 2023 жылдың тамызында бизнесті ауқымды түрде дамыту үшін "VD Engineering" компаниясын сатып алдым», – деді ол.

Сұхбат барысында кәсіпкер журналист Ботагөз Омарова ісіне себеп болған 600 млн теңге төңірегіндегі дауға да тоқталды. Оның сөзінше, «Ремстрой» компаниясы атқарылған жұмыс үшін қаражат төленбеді деп мәлімдегенімен, өзі тікелей мердігермен толық есеп айырысқан.

«Мен өзімнің тікелей мердігеріммен толық есептестім. Барлық актілерге қол қойылған, ешқандай қарызым жоқ. Бұл мәселеге қатысты қолымда барлық құжат бар. Мен оған барлық дәлелді ұсындым. Ол кешірім сұрап, видеоларды өшіретінін айтты. Бірақ кейін ол орындалмады. Сотқа жүгінуге мәжбүр болдым. Мен тек әдейі адамдарды жаңылыстырғанын мойындаса деймін», – деді Азамат Үсімбеков. 

Азамат Үсімбеков соңғы үш жылда компания шамамен 8,6 млрд теңге салық төлегенін мәлімдеді. Сондай-ақ барлық табыс қайтадан құрылыс саласына инвестиция ретінде құйылып отырғанын айтты.

«Біз тапқан қаражатты қайтадан құрылысқа саламыз. Компанияның серіктестері – Еркін Охасов пен Асқар. Бұл жерде ешқандай саяси лобби жоқ», – деді ол.

Сұхбат соңында кәсіпкер жалған ақпараттың бизнеске кері әсер еткенін жасырмады. Оның айтуынша, даудан кейін кей серіктестер компанияға материалды қарызға беруге күмәндана бастаған.

«Бұл жағдай біздің компанияға да, отбасыма да ауыр тиді. Үлкен психологиялық қысым болды. Сот әділ шешім шығарады деп сенемін», – деді Азамат Үсімбеков.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0