Қатысушылар бірнеше тартысты әрі қызықты эстафеталық кезеңдерден өтіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Ақжан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицей базасында Отбасы күніне орай тағылымы мол тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткен «Бірлігі жарасқан отбасы» атты отбасылық эстафеталық сайыс Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы КММ ұйымдастыруымен жүзеге асты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Аталған іс-шараға Астана қаласының балалар құқықтарын қорғау мәселелері бойынша омбудсмендер, қала мектептерінің оқушылары, ұстаздар мен ата-аналар қатысты. Жалпы шараға 150-ден астам оқушы қатысып, мерекелік кештің мазмұнын айшықтай түсті. Сонымен қатар, жиынға Астана қаласы бойынша Бала құқығы жөніндегі уәкіл, ардагер ұстаз, қоғам қайраткері Асима Темкеқызы, Бала құқықтары жөніндегі орталық басшысы Серік Таукеұлы, омбудсмен оқушылар Дарын мен Айым арнайы қатысып, отбасы құндылығы туралы тағылымды ойларымен бөлісті.
Іс-шара барысында сөз алған ардагер ұстаз Асима Темкеқызы отбасы бақытының мәніне ерекше тоқталды.
«Отбасы бақыты ата-ананың жанында балалардың шаттанып, қуанып өсуі. Балаға берілетін ең үлкен тәрбие - отбасындағы мейірім мен қамқорлық. Елімізде балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық мүмкіндік жасалған. Отбасында тағылым мен тәрбие көрген бала ертең қоғамға зор үлес қосатын азамат болып қалыптасады», - деді ол.
Ал Бала құқықтары жөніндегі орталық басшысы Серік Таукеұлы өз сөзінде отбасыдағы сыйластық пен алғыс айту мәдениетінің маңызын атап өтті.
«Әр бала ата-анасына құрмет көрсетіп, алғыс айтып өсуі керек. Отбасы - береке мен бірліктің, мейірім мен жанашырлықтың мекені. Татулық орнаған шаңырақта тәрбиеленген ұрпақтың болашағы да жарқын болады», - деп жүрекжарды тілегін жеткізді.
Мектеп алаңында өткен мазмұнды сайысқа 6-сынып оқушылары мен олардың ата-аналарынан құралған 8 жанұялық команда қатысты. Әр отбасы жарыс барысында ұйымшылдықтарын, шапшаңдықтарын, ептілік пен тапқырлықтарын көрсетті. Қатысушылар бірнеше тартысты әрі қызықты эстафеталық кезеңдерден өтіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Сайыс кезінде ата-аналар мен балалардың бір-біріне қолдау көрсетуі, ортақ мақсатқа бірге ұмтылуы отбасылық татулықтың шынайы көрінісіне айналды. Әсіресе, жанкүйерлердің белсенді қолдауы мен балалардың көтеріңкі көңіл-күйі шараның сәнін арттырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай отбасылық форматтағы шаралар ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, жас ұрпақтың бойында жауапкершілік, ұйымшылдық, сыйластық секілді қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, тәрбие жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Кеш соңында белсенді қатысқан отбасылар марапатталып, арнайы алғыс хаттар табысталды. Қатысушылар мен көрермендер әсерлі сәттерге куә болып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
«Бірлігі жарасқан отбасы» сайысы - тек спорттық жарыс емес, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, отбасы институтының маңызын насихаттайтын, ұрпақ тәрбиесіне бағытталған тағылымды мерекелік шара ретінде көпшіліктің жадында қалды. Отбасы - адам өміріндегі ең қымбат құндылық. Ал берекелі отбасы - берік қоғам мен жарқын болашақтың негізі екені бұл шара барысында тағы бір мәрте дәлелденді.