Депутат бұл жағдайдың өзін қатты қынжылтқанын айтып, ұстазға күш көрсету тәрбиесіздік екенін атап өтті.
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік желіде Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Жаңа қазақ» мектебінде мұғалімге қол көтеру оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Депутат бұл жағдайдың өзін қатты қынжылтқанын айтып, ұстазға күш көрсету тәрбиесіздік екенін атап өтті.
«Мектепте мұғалімге қол көтеріпті деген жаңалықты оқып шынымен қынжылдым. Ұстаз сенің жауың емес қой. Саған білім беріп, адам болсын деп жүрген жанға жұдырық көтеру ешқандай тәрбиеге де, адамгершілікке де сыймайды», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Дәулет Мұқаев қоғамда мұғалімге деген құрметтің азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
«Баяғыда қазақ “ұстазыңды ата-анаңдай сыйла” деп өсірген. Қазір кей жерде мұғалімге айқайлау, қарсы сөйлеу қалыпты нәрсе болып бара жатқандай. Ал енді қол көтеру деген тіпті шектен шығу», – деді депутат.
Мәжіліс депутаты ұстазға күш қолданған адам заң алдында жауап беруі тиіс екенін айтты.
«Алматы облысы Қарасай ауданындағы “Жаңа қазақ” мектебінде болған жағдай. Ұстазға күш қолданған міндетті түрде заң алдында жауап беру керек. Ертең басқа балаларға да сабақ болсын. Мұғалім өзін мектепте қауіпсіз сезінбесе, ол қандай орта болады? Ұстазды қорғай алмаған қоғам ертең тәрбиелі ұрпақ күтемін демесін», – деп түйіндеді Дәулет Мұқаев.