03.05.2026, 20:00

KEGOC пен General Electric бірлескен жобаларды жалғастырады

Фото: KEGOC

KEGOC-та General Electric компаниясымен кездесу өтті. 

«KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Наби Айтжанов General Electric компаниясының өкілі Томас Смолкамен жұмыс кездесуін өткізді. Келіссөздер екіжақты ынтымақтастықты дамыту және бұған дейін қол жеткізілген келісімдерді іске асыру аясында өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Кездесу барысында тараптар өзара әріптестіктің қазіргі жай-күйін, сондай-ақ болашақтағы бірлескен жұмыс бағыттарын талқылады. Негізгі тақырыптардың қатарында релелік қорғаныс және автоматика жабдықтарын жаңғырту мен қайта құру, цифрлық қосалқы станцияларды дамыту, телекоммуникация және энергия жүйесін басқару саласындағы шешімдерді енгізу мәселелері қаралды.

Сондай-ақ электр желілерін цифрландыру, киберқауіпсіздік деңгейін арттыру және заманауи технологиялық шешімдерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бұдан бөлек, диспетчерлік басқаруды қолдау үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану перспективалары қарастырылды. Атап айтқанда, қосалқы станцияларды басқару кезінде деректерді талдау және шешім қабылдау үдерістерін жетілдіру мәселелері сөз болды.

Тараптар KEGOC нысандарында General Electric жабдықтарын пайдалану тәжірибесінің сәтті екенін атап өтті. Оның ішінде синхрофазорлық технологиялар негізіндегі мониторинг және басқару жүйелерін қолдану нәтижелі жүзеге асырылып келеді.

Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, тәжірибе алмасуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің сенімділігін арттыруға өзара мүдделі екенін растады.