Бағдарлама барысында әншінің шығармашылық жолы, ерекше вокалдық диапазоны мен халықаралық деңгейдегі жетістіктері кеңінен айтылды.
«Mcsradio Aywaille» радиосында өткен хабарда әртістің өнер жолы кеңінен таныстырылып, Қазақстанның мәдениеті мен қазіргі келбеті де насихатталды, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Бағдарламаны жүргізушілер Кристиан Филе мен Никки ұйымдастырып, эфирге Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің дипломаты Рахат Нұрғалиев, KU Leuven университетінің студенті Исламбек Сман, домбыра үйреніп жүрген бельгиялық жас Лукас Моммер, сондай-ақ Dimash фан-клубының мүшелері Анн Де Грааф пен Венди Мразек қатысты.
Эфир Димаштың орындауындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, жалпы саны 16 әні шырқалды. Бағдарлама барысында әншінің шығармашылық жолы, ерекше вокалдық диапазоны мен халықаралық деңгейдегі жетістіктері кеңінен айтылды.
Сонымен қатар тыңдармандарға Қазақстан туралы да мәлімет беріліп, мемлекеттік туының символикасы мен домбыраның тарихы мен маңызы таныстырылды. Ел бай мәдени мұрасы бар әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде сипатталды.
Бағдарлама аясында қазақстандық студент пен бельгиялық жас домбырада бірнеше күй орындап, эфирге ерекше мәдени реңк қосты.
Эфирге қатысушылар, соның ішінде фан-клуб мүшелері мен жүргізушілер, Димаштың Бельгияда концерт өткізуіне үміт білдіріп, оны ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді.
Айта кетейік, «Mcsradio Aywaille» интернет-радиосында Димаштың әндері тұрақты түрде беріліп тұрады. Алғашында екі сағатқа жоспарланған бағдарлама тыңдармандардың жоғары қызығушылығына байланысты үш сағатқа жуық уақытқа созылды.