Пайдаланушылар деректердің қайдан таралғанына қатысты түрлі болжам айтады: біреулер салық базаларын бақылайтын боттарды кінәласа, енді бірі ұялы байланыс операторлары немесе мемлекеттік базалардан «слив» болуы мүмкін дейді.
Қазақстанда кәсіпкерлер бизнесін тіркей салысымен банктерден мазасыз қоңыраулар ала бастайтынын айтып шағымдануда. Ең қызығы – eGov порталында өтінім толтырғанда директорлардың жеке байланыс нөмірі көрсетілмейді. Tengrinews.kz редакциясы бұл жағдайдың себебі мен заңдылығын профильді министрліктер мен сарапшылардан сұрап білді.
Не болды: желідегі шағымдар Талқылауға салық және салық қауіпсіздігі бойынша сарапшы Дмитрий Казанцевтің жазбасы түрткі болды. Оның айтуынша, жаңа компания тіркегеннен кейін келесі күні-ақ екі банк пен бір консалтингтік компания хабарласқан.
«eGov-та тіркелгенде нөмірімді ашық таратуға келісім берген жоқпын. Бұл қалыпты жағдай ма?» – деп сұрақ тастады ол, жазбасында цифрландыру министрі Жаслан Мадиевті де белгілеген.
Пікірлерде қолданушылар бірігіп, жеке деректердің таралуына қатысты сотқа жүгінуді ұсынған. Тәжірибелі кәсіпкерлер мұндай жағдайдың бұрыннан бар екенін айтады. Мәселен, 2025 жылдың желтоқсанында да дәл осындай жағдай талқыланған: ТОО тіркеген басшы ешқандай операция жасамай тұрып-ақ банктерден ұсыныстар ала бастаған.
«Бұл қалай болғаны? ТОО тіркедім, директор – мен, бірақ тіркеу кезінде телефон нөмірі көрсетілмейді. Барлығы eGov арқылы өтті. Соған қарамастан, келесі күні банк қоңырау шалып, есепшот ашуды ұсынды», – деп наразылығын білдірген.
Пайдаланушылар деректердің қайдан таралғанына қатысты түрлі болжам айтады: біреулер салық базаларын бақылайтын боттарды кінәласа, енді бірі ұялы байланыс операторлары немесе мемлекеттік базалардан «слив» болуы мүмкін дейді.
Министрліктің ұстанымы Цифрландыру және ЖИ министрлігінде компаниялар туралы мәліметтер заң бойынша ашық деректерге жататынын түсіндірді. Бұл – «Мемлекеттік статистика туралы» заңның талабы.
Сонымен қатар, тіркеу кезінде қызметтік телефон нөмірін көрсету ұсынылады. Ведомство деректердің таралуы техникалық ақаулар мен адам факторынан да болуы мүмкін екенін атап өтті. Яғни қызметкерлердің кибергигиенаны сақтамауы немесе жүйедегі әлсіз қорғаныс себеп болуы ықтимал.
Егер нақты заңбұзушылық байқалса, азаматтарға министрліктің ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жүгіну ұсынылады.
АРРФР: банктер заң бұза ма? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде (АРРФР) бизнес тіркелгеннен кейін басшы туралы мәліметтер мемлекеттік жүйелерге түсетінін айтты. Бірақ бұл деректердің ашықтығының да шегі бар.
«Жеке деректерді ашық көздерде тарату үшін адамның келісімі қажет», – деп еске салды агенттік.
Банктердің жаңа кәсіпкерлерге қоңырау шалуына қатысты реттеуші бұл әрдайым банктік құпияны бұзу болып саналмайтынын мәлімдеді. Яғни, егер әңгіме шоттар немесе операциялар туралы болмаса, тек байланыс нөміріне хабарласу заң бұзушылық ретінде қаралмауы мүмкін.
Сарапшы не дейді? QazTech альянсының ақпараттық қауіпсіздік комитетінің тең төрағасы Евгений Питолиннің айтуынша, мәселе міндетті түрде eGov-тен деректердің «ағып кетуінде» емес.
Оның сөзінше, банктер заңды тәсілдер арқылы деректерді «толықтырып» алады. Тізбек мынадай: адам → ЖСН/БСН → eGov-тағы цифрлық профиль. Компания тіркелген соң басшының аты-жөні ашық реестрлерде көрінеді
Осы деректерді пайдалана отырып, банктер өз базалары немесе кредиттік бюролар мен байланыс операторлары арқылы телефон нөмірін анықтай алады.
Бұл қаншалықты кең таралған?Сарапшының айтуынша, бұл – нарықтағы қалыпты әрі кең таралған тәжірибе. Банктер ашық реестрлер арқылы жаңа клиенттерді тауып, байланыс орнатуға тырысады.
Алайда клиент үшін бұл жеке өмірге араласу сияқты көрінеді, өйткені ол нақты келісім бермеген.
Қауіп неде? Мұндай жағдай тек мазасыз қоңыраулармен шектелмейді. Ең үлкен қауіп – алаяқтар. Олар жаңа тіркелген кәсіпкерге «банк қызметкері» болып хабарласып, есепшот ашу сылтауымен деректерді немесе ақшаны алдап алуы мүмкін.
Сарапшының айтуынша, басты мәселе – азамат өз деректерін кім, қашан және қандай мақсатта пайдаланып жатқанын бақылай алмайды.