27.04.2026, 17:10

Мұрат Әбенов ауыл мектептеріне қатысты ұсыныс айтты

Фото: @muratabenov парақшасынан

Қазіргі таңда ұсыныс Парламентте қаралуда. Соңғы шешім талқылаулар нәтижесінде қабылданады.

Мәжілісте ауыл мектептерін басқару жүйесіне қатысты маңызды мәселе көтерілді. «Аманат» партиясынан сайланған депутат Мұрат Әбенов ауылдағы білім беру ұйымдарын қайтадан аудан әкімдіктерінің қарамағына беру қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, 2021 жылдан бастап мектептердің облысқа тікелей бағынуы бірқатар қиындықтарға әкелген. Ауылдағы қарапайым шаруалар – жөндеу, жылу, жарық сияқты мәселелерді шешу ұзаққа созылып кеткен. Бұрын мұндай проблемаларды аудан деңгейінде жедел шешуге мүмкіндік болған.

Депутат сондай-ақ бақылаудың әлсіреуіне байланысты қаржының тиімсіз жұмсалу тәуекелі артқанын атап өтті. Кейбір жағдайларда мектептерде ірі көлемдегі қаржылық заңбұзушылықтар анықталған.

Осыған байланысты бір топ депутат ауыл мектептерін қайтадан аудан бюджетіне қайтаруды ұсынып отыр. Олардың пікірінше, бұл шешім жергілікті деңгейде жауапкершілікті күшейтіп, мәселелерді жедел шешуге жол ашады.

Алайда бұл бастамаға бәрі бірдей келісе бермейді. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл бағытта өз ұстанымын білдіріп, мәселе әлі де талқылауды қажет ететінін жеткізді.

Қазіргі таңда ұсыныс Парламентте қаралуда. Соңғы шешім талқылаулар нәтижесінде қабылданады.