Оқиға кезінде көшеде жүрген шамамен он шақты ит бірнеше әйелге лап қойған.
Көкшетау қаласындағы Бурабай ықшам ауданында дәрігер қабылдауынан шыққан жүкті әйелге бір топ қаңғыбас ит шабуыл жасаған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға кезінде көшеде жүрген шамамен он шақты ит бірнеше әйелге лап қойған. Босануына санаулы апта қалған әйел қашып үлгермей, иттер оның аяғын тістеп жарақаттаған.
Жәбірленушінің айтуынша, алдымен иттер жанында келе жатқан әйелге ұмтылып, кейін өзіне қарай ауысқан.
Абырой болғанда, сол маңнан өтіп бара жатқан ер адам араласып, иттерді қуып жіберген. Ол жарақат алған әйелге жедел жәрдем шақырып берген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әйел Көкшетау қаласындағы көпбейінді облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оның оң жақ балтырының артқы бөлігінде ұзындығы шамамен 5 сантиметрге жететін жара бар екенін анықтаған. Жара өңделіп, таңылған.
Сонымен қатар, инфекциялардың алдын алу мақсатында әйелге құтыруға қарсы «Рабивакс» вакцинасы, сіреспеге қарсы сарысу және сіреспе мен дифтерияға қарсы АДС-М екпесі салынған.
Мамандардың айтуынша, енді жүкті әйел тіркелген емханада тұрақты бақылауда болады. Ана мен іштегі баланың жағдайы күн сайын тексеріліп, ит қапқаннан кейінгі вакцинация курсын толық аяқтау міндеттелген.
Дәрігерлер бұл жағдайдың әйел үшін де, құрсақтағы бала үшін де қауіп төндіретінін атап өтті. Себебі ауыр жарақат пен қатты күйзеліс жүктіліктің соңғы кезеңінде қосымша қауіп туғызуы мүмкін.