17.04.2026, 10:40

Қарағанды облысында мотоцикл жол апатына ұшырап, 2 адам қаза тапты

Фото: видео скриншот

Жол апаты 16 сәуірде кешкі уақытта Шет ауданының Ағадыр кентінде болған.

 

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, екі мотоцикл жол апатына ұшыраған. Алдын ала деректер бойынша, олар бір бағытта қозғалып келе жатқан көрінеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Жол апаты салдарынан 37 және 17 жастағы мотоцикл жүргізушілері оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір адам түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді Қарағанды облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Бекзат Сәулембаев.

Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдықты асырмауға және өз қауіпсіздігі мен айналадағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Сонымен қатар мотокөлік құралын басқару кезінде міндетті түрде қорғаныс құралдарын (дулыға және арнайы жабдықтар) пайдалануға ерекше назар аудару қажеттігін ескертіп отыр.