Мамандардың айтуынша, мұндай өндіріс орындарының экологиялық акцияларға қатысуы – бизнес мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Астанада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кәсіпорындар да белсенділік танытып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Солардың бірі – «СВС-АСТАНА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания Президент бастамасын қолдап, өз аумағында кең көлемді тазалық жұмыстарын ұйымдастырды. Акция барысында кәсіпорын қызметкерлері өндірістік нысанға іргелес аумақты ретке келтіріп, жиналған қоқысты шығарып, көктемгі абаттандыруға кіріскен. Жапырақтар тазартылып, ағаштар бұталып, бордюрлерді сырлауға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндай шаралар қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған. Кәсіпорын басшылығы бұл жұмысты бір реттік акция емес, тұрақты үрдіске айналдыруды көздеп отыр. Олардың айтуынша, тазалық – тек коммуналдық қызметтің емес, әр ұйым мен әр азаматтың ортақ міндеті.
Орталық директоры Александр Кельвих бұл бастамаға қатысудың маңызын ерекше атап өтті:
“Біздің компания «Таза Қазақстан» акциясын толық қолдайды және оған белсенді қатысып жатыр. Өйткені туған жердің тазалығы – әрқайсымызға ортақ жауапкершілік.
Қазір штатта 39 қызметкер бар. Бүгін соның 6-ы тазалық жұмыстарына шықты. Олар аумақты тазалап, жапырақтарды жинап, ағаштарды қалыпқа келтіріп бұтап, бордюрлерді бояуға дайындап жатыр.
Егер ауа райы мүмкіндік берсе, ертеңнен бастап сырлау жұмыстарын бастаймыз. Жалпы мұндай тазалық жұмыстарын біз тұрақты өткіземіз. Әсіресе қыс мезгілінен кейін және күзгі жапырақ түскен соң аумақты ретке келтіруге ерекше көңіл бөлеміз.”
«СВС-АСТАНА» ЖШС – елордадағы өндірістік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған заманауи жүк сервис орталығы. Кәсіпорын 2024 жылы Астананың «Байқоңыр» ауданында, Алаш тас жолы маңында іске қосылған. Мұнда коммерциялық көліктерге арналған кузовтарды жөндеу, техникалық қызмет көрсету және құрастыру жұмыстары жүргізіледі. Орталықтың өндірістік қуаты жылына 50 кузовқа дейін жетеді. Жалпы аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтын нысан қаладағы автосервис саласының дамуына серпін беріп отыр. Жобаны жүзеге асыру барысында жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетілген. Атап айтқанда, Астана қаласының әкімдігі, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мен Астана Даму Орталығы жобаны бастапқы кезеңнен бастап толық сүйемелдеген.
Мамандардың айтуынша, мұндай өндіріс орындарының экологиялық акцияларға қатысуы – бизнес мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Яғни кәсіпкерлік тек табыс табумен шектелмей, қоғам алдындағы жауапкершілікті де қатар алып жүре бастаған. Қалада көктемгі тазалық жұмыстары жалғасып жатыр. Әкімдік өкілдері кәсіпорындар мен тұрғындарды акцияға белсенді қатысуға шақырады.