$ 475.31  555.54  6.05

ШҚО-да 101 жастағы соғыс және еңбек ардагері өмірден өтті

"Бұл мұқым жұрт үшін орны толмас ауыр қаза". 

Фото: ШҚО әкімдігі
Фото: ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысында 102 жасқа қараған шағында соғыс ардагері Құрмат Рахимов өмірден озды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Осыған байланысты ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов көңіл айтты.

 - Ұлы Отан соғысының ардагері Құрмат Рахимовтың дүниеден озғаны туралы қаралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Бұл мұқым жұрт үшін орны толмас ауыр қаза. Тарихымыздың бір кезеңін арқалаған жеңімпаз буынның қатары сиреп барады. Осы қиын сәтте Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары мен өз атымнан марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын, - деді әкім.

Сондай-ақ өңір басшысы Құрмат Рахимовтың ғибратты ғұмыры - ерлік пен Отанға адал қызмет етудің, биік азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі екенін атап өтті.

Сұрапыл соғыс жылдарында ол ел қорғауға аттанып, майдан даласында ерлік көрсетіп, табандылық пен қайсарлық танытты. Бейбіт өмірде де өз борышына адал болып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, саналы ғұмырын халық пен мемлекетке қызмет етуге арнады.

Оның қоғамдық-саяси саладағы және құқық қорғау органдарындағы көпжылдық еңбегі талай буын үшін өмір мектебіне айналды. Ол ұстанымы берік, парасатты, жүрегі кең тұлға еді. Әр сөзі салмақты, әр ісі мәнді болды. Мұндай жандар елге рухани бағдар беріп, артында өшпес із қалдырады.

-Құрмат Рахимовтың өмірден озуымен біз тұтас бір дәуірден айырылып отырмыз. Оның жарқын бейнесі, болаттай беріктігі мен Отанға деген адалдығы халық жадында мәңгі сақталады. Отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, сабыр мен төзім тілеймін. Марқұмның алды пейіш, арты кеніш, иманы саламат болсын!,-делінген облыс әкімінің сөзінде.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0