Бұл жерде мәселе «батылдықта» емес, заң талабын дәл орындауға мүмкіндік беретін дайындық пен құралда.
Кейінгі жылдары қоғамда «полицияға шабуыл көбейді» деген пікір жиі айтылады. Бұл пікірдің бір бөлігі – әлеуметтік желідегі видеоға, екінші бөлігі – жеке трагедияға, үшінші бөлігі – құқық қорғау қызметінің күнделікті тәуекеліне сүйенеді.
Бірақ негізгі сұрақ мынау: «күштік құрылымға атыс қаруын қолдануға рұқсат беріле ме?» дегенде, біз шынында нені сұрап отырмыз? Өйткені қолданыстағы заңнамада атыс қаруын қолдану құқығы бұрыннан бар, мәселе сол құқықтың шекарасын кеңейту ме, әлде қолданған қызметкерді кейін «кінәлі» болып қалудан қорғау ма, әлде бәрін бұрынғыдай қалдырып, дайындық пен жабдықты күшейту ме? Нақты осыны ажырату керек.
Қолданыстағы базалық нормалардың бірі – «Құқық қорғау қызметі туралы» заң. Онда қызметкердің күш қолдануы «эмоциямен» емес, нақты жағдаймен және нақты талаппен байланыстырылған. Мысалы, заңның 61-бабында қызметкердің атыс қаруын және өзге де қаруды қолдануға құқылы болатын жағдайлар тізбесі бар:
адамдарды өмірі мен денсаулығына қатер төнген қылмыстық қолсұғушылықтан қорғау немесе кепілге алынғандарды босату; қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелеріне шабуылды тойтару; қызметтік қаруды немесе арнайы көлікті тартып алуға әрекеттенуді тоқтату; күзеттегі объектілерге, мемлекеттік ұйымдар ғимаратына, нарядқа шабуылды тойтару; қылмыс үстінде ұсталған, қарсыласқан немесе қамаудан қашқан адамдарды ұстау (қарулы тұлғаларды ұстау бөлек атап көрсетіледі); жүргізуші заңды талапқа бағынбай, адамдар өміріне қауіп төндірсе көлікті зақымдап тоқтату; қауіпті жануар шабуылынан қорғану; сондай-ақ дабыл беру/көмек шақыру үшін ескерту оғы сияқты жағдайлар.Бірақ дәл осы бапта шектеу де бар: қаруды әйелдерге, мүгедектік белгілері айқын адамдарға, кәмелетке толмағандарға қолдануға тыйым салынады – тек қарулы шабуыл, қарулы қарсылық, кепілге алу, көлік басып алу немесе топтық шабуыл сияқты ерекше жағдайлардан басқа. Бұл норма қоғамдағы «күш қолдануғаәрдайым рұқсат» деген түсінікті бірден жоққа шығарады, құқық берілген, бірақ өте тар әрі жауапкершілігі жоғары.
Заң тек «қолдана алады» деп қана қоймай, «қалай қолдануы керек?» деген талаптарды да қатаң қояды. 62-бапта қызметкер әдетте алдын ала ескертуі, қарсы тарапқа талапты орындауға жеткілікті уақыт беруі керек екені, ал ескертуге уақыт жоқ немесе мүмкін емес жағдайлар ерекше режимге жататыны көрсетілген. Сонымен бірге қызметкер зардап шеккендерге жедел медициналық көмек ұйымдастыруға міндетті, қару/арнайы құрал/күш қолданғанын тікелей басшысына дереу баяндауы тиіс, ал адам өлімі немесе ауыр салдар болса прокурорға жедел хабарланады. Бұл – «қолыңдағы қару – соңғы шара» деген қағиданы заңның өзіне бағындырыпқойған механизм.
Ендеше, «болашақта рұқсат бере ме?» деген сұрақтың бір жауабы – рұқсат қазірдің өзінде бар, тек ол шектеулі және рәсімі ауыр. Бірақ қоғамдағы талқылаудың түпкі себебі басқа,қызметкерлердің тәуекелі жоғары. Мәселен, 2022 жылғы қаңтар оқиғалары кезінде 8 әскери қызметші мен құқық қорғау органының қызметкері қаза тапқаны, 317 адам жараланғаны туралы ведомстволық ресурс жазды. Мұндай дерек кез келген мемлекетте «қызметкерді қалай қорғаймыз?» деген сұрақты күшейтеді. Оның үстіне заңның өзінде қызметкер қаза тапса берілетін әлеуметтік кепілдіктер де көрсетіледі: мысалы, көрсетілген нормалардың бірінде (қаза болған қызметкердің отбасы/мұрагерлеріне) соңғы лауазымы бойынша 60 айлық ақшалай қамтылым мөлшерінде біржолғы өтемақы төленетіні жазылған. Бұл сан – тәуекелдің де, мемлекеттің жауапкершілігінің де салмағын көрсететін индикатор.
Екінші жағынан, қоғам «полицияда қару бар, неге қолданбайды?» деп сұрағанда, көбіне заңдық салдарды елестете бермейді. 62-бапта өкілетті асыра қолданса жауапкершілік туатыны ашық көрсетілген. Демек, қызметкер бір сәттік шешім қабылдағанда екі қауіптің арасында тұрады: бір жағында – өз өмірі/әріптесінің өмірі, екінші жағында – кейінгі прокуратуралық тексеріс, сот, «неге басқа тәсіл қолданбады?» деген сұрақ. Бұл жерде мәселе «батылдықта» емес, заң талабын дәл орындауға мүмкіндік беретін дайындық пен құралда.
Сондықтан алдағы уақытта заң «қаруды кеңірек қолдануға» қарай бірден бұрылады деу – асығыс болжам. Практикада үш ықтимал бағыт бар. Біріншісі – заңдағы «қолдану негіздерін» кеңейту (мысалы, қару тартып алуға әрекет секілді тәуекелдерді нақтылап, кей эпизодтарды автоматты түрде өмірге қауіп ретінде тану). Бірақ мұнда қателік құны өте жоғары, артық күш қолдану азаматтардың сенімін құлатады. Екіншісі – заңды өзгертпей, полицейдің қауіпсіздігін көтеретін құралдарды күшейту: бейнетіркегіш, байланыс, топтық әрекет алгоритмі, бейтараптандырудың «өлімге апармайтын» құралдары және тұрақты жаттығу. Үшіншісі – құқықтық рәсімді нақтылау: қызметкердің әрекеті «заңға сай еді» деген дәлелді бекітетін стандарттар мен тәуелсіз бағалау. Бұл өзгерістердің қайсысы үстем болатынын бір ғана факті көрсетіп тұр: ІІМ өзі соңғы жылдары жұмыстың акцентін «профилактикаға» қарай ығыстырғанын айтады, 2024 жылы елдегі қылмыс саны 12,5 мыңнан астамға азайғанын да ресми қорытынды жиналыста атап өткен. Бұл «қатаңдықты арттыру» емес, «алдын алуды күшейту» логикасының басымдығын білдіреді. Қорытындылай айтқанда, «полицияға шабуыл көбейді» деген қоғамдық сезімнің өз негізі бар, бірақ «қару қолдануға рұқсат беріле ме?» деген сұрақ заңды толық оқымағаннан да туындайды: құқық бар, бірақ шектеуі көп; қолданса – есеп береді; ауыр салдар болса – прокурорға дейін барады. Сондықтан ең шынайы реформа «көбірек ата беруге» емес, қызметкердің қауіпсіз шешім қабылдау қабілетін күшейтуге (дайындық, құрал, стандарт, әділ бағалау) жақын.