$ 482.33  557.57  5.74

Қазақстанда интернет алаяқтықпен күрес қалай жүріп жатыр: әлемдік тәжірибе не көрсетеді

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай қылмыстармен күресте басты рөлді жедел әрекет ету мен ақпарат алмасу атқарады

Фото: otyrar.kz
Фото: otyrar.kz

Телефон және интернет-алаяқтық бүгінде ең жылдам өсіп жатқан қылмыс түрлерінің біріне айналды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені ұлттық қауіпсіздікке төнген нақты қауіп деп атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, алаяқтық енді жеке оқиғалар емес, жүйелі проблемаға айналып отыр.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай қылмыстармен күресте басты рөлді жедел әрекет ету мен ақпарат алмасу атқарады. Мысалы, Ұлыбритания-да Action Fraud жүйесі арқылы азаматтардың шағымдары қабылданып, арнайы орталықта талданады. Банктер кей жағдайларда зардап шеккендерге ақшаны қайтарып беруге міндеттелген.

Сингапур жылдам әрекет ету моделін енгізген. Мұнда алаяқтыққа ұшыраған адам өз шотын бірден бұғаттай алады. Ал арнайы цифрлық платформалар күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларды автоматты түрде анықтайды.

АҚШ-та интернет-қылмыстар бойынша ірі дерекқор жұмыс істейді. Ол арқылы алаяқтық схемалар талданып, құқық қорғау органдарына жедел жеткізіледі. Ал Еуропол Еуропа елдері арасында ақпарат алмасуды үйлестіріп, трансшекаралық қылмыстармен күресті күшейтеді.

Қытай ең қатаң жүйелердің бірін қалыптастырған. Мұнда күмәнді шоттар мен SIM-карталар жедел бұғатталып, арнайы қосымшалар арқылы азаматтарға ескерту жасалады. Сонымен қатар, банктер мен байланыс операторлары алаяқтықтың алдын алуға міндеттелген.

Жалпы, тиімді жүйелерді біріктіретін бірнеше негізгі қағида бар: бірыңғай шағым қабылдау орталығы, қаржыны жедел бұғаттау, банктер мен цифрлық платформалардың жауапкершілігі және халықты тұрақты ақпараттандыру.

Қазақстан да бұл бағытта жұмыс жүргізіп келеді. Елде қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимыл күшейтіліп, заманауи антифрод жүйелері енгізілуде. Қазақстан Ұлттық Банкі алаяқтық операцияларға қарсы заңнаманы күшейтіп, арнайы антифрод орталықтың мүмкіндіктерін кеңейту бойынша шаралар қабылдады.

Сарапшылардың пікірінше, ең бастысы – жылдам әрекет ету. Себебі қаржы дер кезінде бұғатталмаса, қаражат шетелге немесе бірнеше шот арқылы жоғалып кетуі мүмкін. Сондықтан халықаралық тәжірибені ескере отырып, цифрлық шешімдер мен алдын алу шараларын күшейту – Қазақстан үшін негізгі бағыттардың бірі болып қала береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0