17.03.2026, 18:30

Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронмен телефон арқылы сөйлесті

Фото: Ақорда

Қазақстан Президентін жаңа Конституцияға арналған жалпыхалықтық референдумның табысты өтуімен құттықтады.

Мемлекет басшысы Франция Президентімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Француз тарапының бастамасы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Эмманюэль Макронмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында француз көшбасшысы Қазақстан Президентін жаңа Конституцияға арналған жалпыхалықтық референдумның табысты өтуімен құттықтады. Ол аталған уақиғаның тарихи маңызын, сондай-ақ елді одан әрі жаңғырту жолындағы қарышты қадам екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президентінің қолдауы және референдум нәтижесіне жоғары баға бергені үшін алғыс айтты. Тараптар экономикадағы, әсіресе, индустрия мен энергетика салаларындағы өзара ықпалдастыққа көңілдері толатынын, сондай-ақ осы бағыттағы бірлескен күш-жігерді жалғастыруға бейіл екендерін жеткізді. Мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастық және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылау мақсатында алдағы уақытта кездесуге уағдаласты.