17.03.2026, 17:10

Көкшетауда көктем келсе, жөнделген жол қармен бірге еріп кетеді

Фото: видеодан скрин

Мұндай жағдай жыл сайын қайталанатынын айтқан тұрғындар жөндеу жұмыстарының неге ұзаққа шыдамайтынын түсінбей отыр.

Көкшетауда көктем басталысымен жолдардың жағдайы тағы сын көтермей қалды. Әлеуметтік желіде тараған видеода қаланың орталық көшелерінің біріндегі қиылыста асфальт опырылып, шұңқырлар пайда болғаны көрінеді. Көлік жүргізушілері бағдаршамда тоқтаған сайын жолдағы ойықтарды айналып өтуге мәжбүр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жол өткен жылы ғана жөндеуден өткен. Алайда қар еріп, күн жылығаннан кейін асфальттың қайтадан бұзылуы сапаға қатысты сұрақ тудырып отыр. Әсіресе көлік көп жүретін қиылыстарда шұңқырлар көбейіп, жүргізушілерге қауіп төндіруде. Мұндай жағдай жыл сайын қайталанатынын айтқан тұрғындар жөндеу жұмыстарының неге ұзаққа шыдамайтынын түсінбей отыр. Қала әкімдігі жыл сайын жол жөндеуге қаржы бөлінетінін хабарлайды, бірақ нәтиже көктем сайын қайтадан көрінеді. Жүргізушілер сапасыз жөнделген жолға жауаптылар нақты тексеріліп, мердігерлерге талап күшейтілуі керек дейді. Әйтпесе «жөнделді» деген жолдың бір маусымға да жетпеуі тұрғындардың ашуын туғызуда.