17.03.2026, 16:40

7 жылға сотталған Бақытгүл Хаменова түрмеге қамалмайтын болды

Фото:atpress.kz

Хаменова кінәсін мойындамағанымен, сот үкімі өзгеріссіз қалды.

Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменованың түрме жазасы бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Ақжайық сілтеме жасап. 

Басылымның хабарлауынша, Бақытгүл Хаменованың үш жылға берілген жазаны өтеу мерзімінің кейінге қалдырылуы 10 наурызда аяқталған еді.

Атырау қаласының №2 соты 16 наурызда пробация қызметінің ұсынысын қарады. 

Сотта хабарланғандай, осы уақыт ішінде Хаменова қоғамдық тәртіпті бұзбаған, әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған және бала тәрбиелеу міндетін орындаған. 

Осыған байланысты сот ұсынысты қанағаттандырып, өтелмеген жазаны 7 жылға бостандығын шектеп, сол мерзімге пробациялық бақылаумен алмастырды.

Еске сала кетейік, 2022 жылғы 15 қарашада сот Хаменованы Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша – пара алу дерегі үшін кінәлі деп танып, оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған болатын. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте өмір бойы лауазым атқаруға тыйым салынды.

Жазаны өтеу мерзімі оның кішкентай баласы болғандықтан үш жылға кейінге қалдырылған еді.

Іс материалдарына сәйкес, пара көлемі 4,5 млн теңге. Ол Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнату жобасына қатысты алынған. Сот сондай-ақ мүлікті тәркілеу туралы шешім шығарды.

Хаменова кінәсін мойындамағанымен, сот үкімі өзгеріссіз қалды.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде оның салтанатты шараға қатысқан видеосы тараған еді. Бас прокуратура бұл жағдайда заң бұзушылық болмағанын, оған пробация қызметінің рұқсат бергенін түсіндірді.