11.03.2026, 21:30

«Бірнеше сағат пышақтап, ұрған»: Атырауда стримде қызды азаптаған жігіт ұсталды ВИДЕО)

Коллаж: SN.kz

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқиға 8 наурыз күні таңертең болған

Атырауда 19 жастағы қызға шабуыл жасалу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды  Sn.kz ақпарат порталы.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқиға 8 наурыз күні таңертең болған. AtyrauOIL Telegram-арнасының жазуынша, күдікті ретінде 21 жастағы қала тұрғыны Әлішер есімді жігіт анықталған.

Деректерге қарағанда, ер адам таңғы шамамен сағат 6:00-ден 11:00-ге дейін қызды пышақпен жарақаттап, ұрып-соғып, балағаттаған. Сонымен қатар ол болған жағдайдың бір бөлігін сториске және Telegram мессенджеріндегі жазбаларға жариялап отырғаны айтылды.

Жәбірленуші денесі мен аяқтарында көптеген жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлер оған қажетті көмек көрсеткен, қазіргі жағдайы нақтыланып жатыр.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігі және 147-бабы бойынша тіркелген. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.