10.03.2026, 22:30

Астанада LRT-дан құлаған мұз көліктің әйнегін шағып тастады (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Мұз кесектері көліктің алдыңғы әйнегін шағып кеткен.

Астана қаласының тұрғыны жеңіл рельсті көлік желісінің конструкциясынан құлаған мұз оның автокөлігіне зақым келтіргенін мәлімдеді. Ер адамның айтуынша, мұз кесектері көліктің үстіне түсіп, алдыңғы әйнегін жарып жіберген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Ол бұл жағдай туралы әлеуметтік желіде жазып, оқиғаның Astana LRT құрылысы жүріп жатқан аумақтың жанында болғанын айтқан.

Жобаға жауапты компания өкілдері оқиғаны қарастырып, бас мердігер көлік иесіне келген шығынды толық өтегенін хабарлады.

Сонымен қатар ұйым өкілдері осыдан кейін LRT желісіндегі конструкциялардың жағдайына бақылау күшейтілгенін мәлімдеді. Әсіресе мұз қату мен мұздақтың жиналуына жол бермеу үшін тұрақты тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Компания мәліметінше, LRT пайдалануға берілгеннен кейін желі өткелдерінде тұрақты түрде плюстік температура сақталмақ. Бұл мұз бен сүңгілердің пайда болуына жол бермеу үшін қарастырылған.