04.03.2026, 16:20

Күдікті әйелі мен енесі: Талғарда 7 баланың әкесі қатыгездікпен өлтірілді

Фото: pixabay

Жанжалға жылқы сату мәселесі себеп болуы мүмкін.

Алматы облысының Талғар қаласында ер адамды аса қатыгездікпен өлтіру фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Алдын ала мәліметке сәйкес, марқұмға 30-дан астам пышақ жарақаты салынған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қайғылы оқиға 14 ақпан күні болған. Қаза тапқан ер адамның отбасының адвокаты Асылбек Әбдірайымовтың айтуынша, жанжалға жылқы сату мәселесі себеп болуы мүмкін.

Адвокаттың мәліметінше, ер адамның әйелі күйеуінің рұқсатынсыз оның жылқыларын сатып жіберген. Осыған байланысты ер адам полицияға арыз түсірген.

Қолда бар ақпаратқа сәйкес, әйел күйеуінің рұқсатынсыз оның жылқыларын сатып жіберген. Осыдан кейін ер адам полицияға шағымданған. Кейін әйел өз анасының көмегімен ұйықтап жатқан күйеуіне шабуыл жасап, оған 30-дан астам пышақ жарақатын салған болуы мүмкін, – деді адвокат Асылбек Әбдірайымов Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 7-тармағы («Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған кісі өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Бұл жағдайға Алматы облыстық полиция департаменті де түсініктеме берді.

Топ болып жасалған кісі өлтіру фактісі бойынша, отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады өңірлік полиция департаменті.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.