$ 501.26  590.38  6.54

Банктер халықтың зейнетақысын уыстан шығарғысы келмей ме? Талап күшейсе, кім ұтады?


 

Фото: Ulys.media
Фото: Ulys.media


Зейнетақы қорындағы қаражатты мерзімінен бұрын пайдалану тәртібі қайта қаралуы мүмкін. Соңғы жылдары тіс емдеуден бастап, ипотекалық қарызды өтеуге дейін рұқсат етілген мүмкіндіктер біртіндеп шектеліп келеді. Енді шекті мөлшерді есептеу әдістемесі өзгеруі ықтимал. Ресми түсіндірме – жүйенің ұзақ мерзімдік тұрақтылығын сақтау. Бірақ бұл бастаманың астарына үңілгенде, қаржы нарығындағы ірі ойыншылардың мүддесі қатар жүргені байқалады.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов бұл мәселені ашық көтерді. Оның айтуынша, зейнетақы жинағын пайдалану жолының күрделенуі банктер үшін тиімді. Себебі азаматтардың қолындағы «тірі ақша» айналымнан алынса, олар қайтадан несиеге жүгінеді. Ал несие – банктің негізгі табыс көзі.

2021 жылдың ақпанынан бері азаматтар зейнетақы қорынан 5,7 триллион теңгеге жуық қаржы шешіп алған. Бұл қаражаттың басым бөлігі тұрғын үй нарығына бағытталды. Иә, баспана бағасы өсті. Бірақ бұл өсімнің жалғыз себебі халықтың зейнетақы ақшасы емес. Нарықта құрылыс материалдарының қымбаттауы, инфляция, девальвациялық күтулер, құрылыс компанияларының маржасы секілді факторлар да бар. Дегенмен банктер дәл осы сәтте ипотекалық өнімдерін кеңінен ұсынып, пайыздық табысын арттырды.

Банк жүйесінің бұл процестегі бірнеше осал тұсын атап өткен жөн.

Біріншіден, қазақстандық банктер ұзақ мерзімді арзан ресурсқа мұқтаж. Зейнетақы қоры – сол ресурстың ең ірі көзі. Қор қаржысы банктердің облигацияларына, депозиттеріне, қаржы құралдарына орналастырылады. Яғни, халықтың қарттыққа арналған жинағы түптің-түбінде банк жүйесінің өтімділігін қолдайды. Егер азаматтар бұл ақшаны жаппай шешіп алса, банктердің ұзақ мерзімді қаржыландыру базасы әлсірейді.

Екіншіден, ерте алынған қаражат азаматты несиеден уақытша құтқарады. Мысалы, ипотеканың бір бөлігін жабу арқылы адам пайыздық жүктемесін азайтады. Бұл – банк табысының қысқаруы деген сөз. Ал талап күшейсе, қарыз алушының банктен тәуелділігі артады.

Үшіншіден, қазақстандық банктердің пайыздық мөлшерлемесі әлі де жоғары. Дамыған елдерде ипотекалық несие 2–4 пайызбен берілсе, бізде ол екі есеге жуық артық. Еуропада зейнетақы жинақтарын басқару тетігі қатаң болғанымен, азаматтарға қолжетімді әрі арзан қаржы құралдары бар. Ал бізде таңдау тар: не зейнетақы қорын қозғама, не қымбат несие ал.

Төртіншіден, банктердің табыстылығы жоғары деңгейде қалып отыр. Соңғы жылдары қаржы секторындағы таза пайда көлемі рекордтық көрсеткіштерге жетті. Бұл – халықтың несиеге тәуелділігі артып отырғанының да белгісі. Осындай жағдайда зейнетақы қаражатына қойылатын талаптың күшеюі банктердің позициясын одан әрі нығайтуы мүмкін.

Әрине, зейнетақы – қарттықтың қамы. Қордағы қаражаттың ерте азаюы болашақ табысқа әсер етеді. Бұл – даусыз шындық. Бірақ мәселе тек әлеуметтік тұрақтылықта ғана емес. Қаржы ағындарының қайда бағытталатынында.

Егер зейнетақы жинағын пайдалану қиындай түссе, азаматтар тұрғын үй, ем-дом, қарыз өтеу үшін қайтадан банк есігін қағады. Ал банктер үшін бұл – жаңа клиент, жаңа пайыз, жаңа табыс. Сондықтан депутат Әбенов көтерген «артында банктердің мүддесі бар» деген уәжді жоққа шығару оңай емес.

Қаржы нарығы теңгерімді болуы тиіс. Зейнетақы жүйесі азаматтың болашағын қорғауы керек. Бірақ сол қорғау тетігі халықты қымбат несиенің шеңберіне қайта итермелемеуі қажет. Егер талап күшейсе, параллель түрде арзан ипотека, әділ пайыз, ашық бәсеке күшейтілуі тиіс. Әйтпесе, зейнетақы жинағының «қол жетпес» ресурсқа айналуы банк секторына ғана тиімді болып шығуы ғажап емес.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0