Отбасының өліміне қатысты арнайы комиссия құрылды.
Ақтөбеде жеке тұрғын үйден бір әйел мен үш кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдай тұрмыстық газды пайдалану талаптарының сақталмауынан болған уланудың салдарынан орын алған. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Ақтөбе облысы әкімінің тапсырмасымен жағдайды жан-жақты тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияны Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет басқарады. Қазіргі таңда уәкілетті органдармен бірлесіп тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады.
Құзырлы органдар қылмыстық іс аясында тергеу амалдарын бастап кетті. Облыс әкімдігі қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Жергілікті атқарушы органдар жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, отбасыға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілетінін хабарлады.