09.02.2026, 11:50

Петропавлда небәрі 19 жастағы жігіт есірткі таратқан

Фото: Видеодан алынған кадр

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жанынан ұнтақ тәріздес зат салынған 19 орам тәркіленді.

Солтүстік Қазақстан облысында синтетикалық есірткі таратумен айналысты деген күдікпен тағы бір жас азамат қолға түсті. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Петропавл қаласының 19 жастағы тұрғыны интернет арқылы тыйым салынған заттарды таратуға қатысы бар деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.  Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жанынан ұнтақ тәріздес зат салынған 19 орам тәркіленді. Сараптама қорытындысы олардың психотроптық зат - α-PVP екенін көрсетті. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 35 грамды құраған. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Полицияның хабарлауынша, күдікті интернет-дүкендердің біріне «закладчик» болып небәрі бір ай бұрын жұмысқа тұрған. Қазір ол қамауға алынды. Егер кінәсі дәлелденсе, аса ірі көлемде есірткі өткізді деген айыппен 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.