03.02.2026, 15:40

Абай облысында 50 жұмысшы мінген автобус аударылып кетті (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру басталды.

Абай облысында 50 жолаушы мінген автобус аударылып қалды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жол апаты Знаменка ауылы маңында болған.

«31 қаңтарда сағат 10:30-да «102» арнасына Семей–Қайнар автожолының 62-шақырымында, Знаменка ауылы маңында болған жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама түсті. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 52 жастағы жүргізуші басқарған SETRA маркалы жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, кейін аударылған. Автобус салонында вахталық жұмысқа бара жатқан 50 жолаушы болған», – делінген хабарламада.

Оқиға салдарынан жолаушылар өміріне қауіп төндірмейтін дене жарақатын алды. Барлық зардап шеккендерге уақтылы қажетті медициналық көмек көрсетілген.

Абай облысы Полиция департаменті аталған факт бойынша тексеру жұмыстарын бастады. Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталады.