31.01.2026, 19:30

4 баласы қалды: Ақмола облысында жол апатынан ерлі-зайыпты қаза тапты

Фото: Zakon.kz

Қайғылы оқиға ерлі-зайыптылар қалаға жоспарлы медициналық тексеріске бара жатқанда тіркелді.

Бестөбеден Степногорск бағытына қарай бет алған тасжолда жан түршігерлік жол апаты болып, ерлі-зайыптылар қаза тапты. Бесінші сәбиін күтіп жүрген отбасының артында төрт баласы қалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиға ерлі-зайыптылар қалаға жоспарлы медициналық тексеріске бара жатқанда тіркелді. Әйел жүктіліктің бесінші айында болған. Жол үстінде олар отырған жеңіл көлік жол талғамайтын көлікпен бетпе-бет соқтығысқан.

Көп балалы ана оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күйеуі де алған ауыр жарақаттарынан көз жұмды.

Ерлі-зайыптылардың артында 1 мен 15 жас аралығындағы төрт бала қалды. Ең кішісі небәрі бір жаста — оның туған күнін отбасы желтоқсан айының соңында ғана атап өткен.