2010 жылдардың ортасында О’Хара жаңа буын көрермендерінің сүйіспеншілігіне ие болды.
Америкалық-канадалық актриса Кэтрин О’Хара 71 жасында өмірден өтті. Бұл ақпаратты актрисаның агенті растады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Кэтрин О’Хара көпшілікке ең алдымен әйгілі голливудтық «Үйде жалғыз» фильміндегі Кевин есімді баланың анасы рөлі арқылы танымал. Картинада оның кейіпкері ұлының үйде жалғыз қалғанын ұшақта, демалысқа бет алған сәтте ғана аңғарып, кері оралуға тырысады. Актриса бұл рөлді «Үйде жалғыз 2» (1992) фильмінде де сомдаған.
2010 жылдардың ортасында О’Хара жаңа буын көрермендерінің сүйіспеншілігіне ие болды. Ол комедиялық Шиттс Крик сериалында басты рөлдердің бірін ойнап, миллиондаған жанкүйер жинады. Сериалда байлығынан айырылып, шағын провинциялық қалаға көшуге мәжбүр болған миллиардер отбасының тағдыры баяндалады. Кэтрин О’Хара онда өткен шақта танымал болған актрисаны - басты кейіпкердің жұбайын сомдады. Бұл рөлді орындаған актер - Юджин Леви.
Актриса кәсіби мансабын 1970 жылдардың ортасында Канадада бастап, комедиялық телешоуларға қатысқан. Ол тек актерлікпен шектелмей, телебағдарламаларға сценарий де жазған. Осы еңбегі үшін 1982 жылы алғашқы «Эмми» сыйлығын иеленді.
Кино саласындағы алғашқы елеулі табысқа ол Тим Бёртон түсірген «Битлджюс» фильмінен кейін жетті. Ал «Үйде жалғыз» комедиясы Кэтрин О’Хараның мансабындағы ең танымал әрі көрерменге жақын жобалардың біріне айналды.
Кэтрин О’Хара бірнеше буын көрермені үшін отбасы, юмор және жылы эмоциялармен байланысты образдарды сомдаған актриса ретінде есте қалды.