30.01.2026, 21:00

Қоғамдық кеңестердің трансформациясы: Арман Ешмұратов конституциялық реформаның нәтижесін бағалады

Фото: None

Мұндай модельде үш негізгі тарап бар: мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер және жұмысшылар.

Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің басты ерекшелігі – олардың саяси мәселелерді талқылауға көшуі. Бұл туралы Еуразиялық интеграция институтының департамент басшысы Арман Ешмұратов мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Спикердің айтуынша, шетелдік тәжірибеде қоғамдық кеңестердің қызметі көбіне экономикалық күн тәртібімен шектеледі. Олар бизнес, кәсіподақтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды реттеуге бағытталған. Мұндай модельде үш негізгі тарап бар: мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер және жұмысшылар.

Ал Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің, соның ішінде Ұлттық құрылтайдың ерекшелігі – саяси мәселелерді талқылауға бет бұруы.

Сарапшы бұл үрдісті елдегі конституциялық реформалармен тікелей байланыстырады. Оның айтуынша, 2019 жылғы Мемлекет басшысының алғашқы Жолдауында жарияланған жаңа саяси парадигма қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынасты өзгертудің негізін қалады.

– Сол Жолдауда түбегейлі саяси өзгерістерсіз экономикалық трансформация мүмкін еместігі алғаш рет ашық айтылды. Конституциялық реформалар осы бағыттағы институционалдық өзгерістерге жол ашты, – деді ол.

Арман Ешмұратовтың пікірінше, алдағы уақытта Халық кеңесі де трансформацияланып, өз ауқымын кеңейтуі мүмкін.

– Болашақта Халық кеңесі де біртіндеп өзгеріп, жаңа әлеуметтік топтарды қамтуы ықтимал. Бұл – кеңесуші институттардың эволюциялық дамуы, – деді сарапшы.

Сонымен қатар ол қоғам мен мемлекеттің ауқымды трансформациясы биліктің бастамасымен ғана жүзеге асатынын атап өтті. Оның сөзінше, билік қоғамдық кеңестер арқылы реформаларға бағытталған дискурсты алға жылжытып отыр.

– Жаһандық трансформациялар билік бастама көтерген жағдайда іске асады. Қазіргі таңда бұл үдеріс қоғамдық кеңестер арқылы жүзеге асуда. Бұл – позитивті үрдіс, – деді ол.

Сарапшы философ Мишель Фуконың дискурс туралы тұжырымдарына да тоқталып өтті.

– Кез келген билік шындықтың критерийлерін дискурс арқылы қалыптастырады. Ал дискурс ең алдымен білімді қалыптастырады, – деді Арман Ешмұратов.

Оның пікірінше, конституциялық реформалар аясында қоғамдық кеңестер жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына ықпал етіп отыр.

– Қоғамдық кеңестер жаңа саяси мәдениетті қалыптастыра бастады. Бұл бір сәтте жүзеге асатын құбылыс емес, біртіндеп жүретін ұзақ процесс, – деп түйіндеді ол.