«Бұл — бәрін халықпен кеңесіп жүзеге асыруға деген талпыныс».
Экономист, сарапшы Айбар Олжаев Конституцияға енгізілетін өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, бүгінде Конституциялық комиссия Ата заңымызға енгізілетін түзетулерді жан-жақты талқылап жатыр. Осыған дейін бірқатар маңызды мәселелер көтерілген. Соның ішінде білім беру саласына қатысты ұсыныстар да бар. «Келешек» жастар кеңесінің басшысы Гүлзира Атабаева Конституцияда білім берудің зайырлы сипатын нақты бекітетін уақыт келгенін алға тартты.
Айбар Олжаев бұл бастаманың маңызын атап өтті.
— «Бұл — идеологиялық қадам ғана емес, нақты практикалық мәні бар ұсыныс. Ата заңда білім берудің зайырлы сипаты нақты көрсетілсе, бұл тәрбие мен білім беру жүйесіне айқын бағдар береді. Сонымен қатар, дінді мемлекеттен бөлек қарау қағидатын нақтылау қоғамдық келісімді нығайтып, түрлі көзқарас пен наным-сенімдегі жастарға бейтарап әрі тең жағдай жасауға мүмкіндік береді», — деді сарапшы.
Сондай-ақ ол Конституциядағы тегін орта білім беру кепілдігінің өзгеріссіз қалғанын құптады.
— «Қазақстан әрбір азаматтың саналы, білімді болып өсуіне басымдық береді. Сол себепті баршаға орта білім беру тегін болуға тиіс. Бұл норманың сақталғаны — өте дұрыс шешім», — деді Айбар Олжаев.
Экономист Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды мұқият ескерудің маңызын атап өтті.
— «Талқылау барысында түрлі ұсыныстар айтылатыны түсінікті. Бірақ соның ішінен халықтың әл-ауқатын жақсартатын, елімізді дамуға жетелейтін нақты бастамалар қалуы керек», — дейді ол.
Сонымен қатар сарапшы Конституциялық комиссия отырыстарының онлайн режимде көрсетілуін ашықтықтың көрінісі ретінде бағалады.
— «Бұл — бәрін халықпен кеңесіп жүзеге асыруға деген талпыныс», — деп түйіндеді Айбар Олжаев.