"Мұндай әрекетке құқығы болған жоқ".
Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты видеоны сыртқа таратқан полицейдің әрекетіне құқықтық баға беріледі. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Нурай Серікбайдың қатысуымен түсірілген видео тараған болатын. Болжам бойынша, оны Шымкент қаласының бұрынғы полиция қызметкерлері жариялаған. Кадрларда Нурай өзін күштеп алып кетпегенін, сол күні күдіктінің көлігіне өз еркімен отырғанын және оған ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан.
Сонымен қатар, кейбір экс-полицейлер БАҚ-қа берген сұхбатында өздерінің жұмыстан босатылуын әділетсіз деп бағалаған.
29 қаңтар күні Сенат кулуарында журналистер Игорь Лепёхадан полицейдің мұндай әрекетке құқығы бар-жоғын сұрады.
«Мұндай әрекетке құқығы болған жоқ. Қылмыстық іс қозғалды. Барлығына құқықтық баға беріледі», – деді ол.