23.01.2026, 15:30

Шымкентте «Дала қырандарының» штабы ашылды

Фото: Дала қырандары

Бірлестік мәліметінше, олардың барлығы – еріктілер. 

Қазақстанның 20 қаласында өкілдігі бар «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласында өңірлік штабы ашылды. Салтанатты шарада 30 жігіт бірлестікке ресми түрде мүшелікке өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Штабтың ашылуына бірлестіктің басты координаторлары қатысты. Олар орталықтың қызыл лентасын қиды. Жастар штаб ғимаратының сыртына бірлестіктің жалауын іліп, желбіретті. Бірлестік жетекшілері сөз сөйлеп, бір ортаға жастарды біріктірудің маңыздылығына тоқталды. Содан кейін 30 жігітке «Дала қырандарының» төсбелгісі мен кәлігін табыстады.

Төсбелгі таққандардың бірі Олжас Желдібаевтың орталыққа келгеніне 1 айдан асқан. Ол екі кезеңнен тұратын іріктеуден өткен. «Бірлестік арқылы қала өміріне пайдамды тигізуді қалаймын» дейді ол.

Штаб көшбасшысы Сұлтан Қанаттың айтуынша,  бірлестіктің Шымкентте жұмыс бастағанына жыл толған. Осы уақыт аралығында бастамашыл топ жұмыс істеген. Бүгінге дейін 50 жастың басы қосылған. Енді олардың саны 80-ге жетті. Қазірге бірлестік мүшелікке тек жігіттерді қабылдап жатыр. Алда олардың санын 200-ге жеткізу жоспарда бар. Одан кейін қыздар тобы ашылмақ.

Бірлестік кооардинаторы Мейірболат Тойытовтың айтуынша, «Дала қырандарының» қатарына арнайы сынақтан өткен жастар кіреді. Қазір Қазақстанның 27 жерінде сыннан сүрінбей өтіп, төсбелгі алғандар саны 1700-ге жуықтаған. Олардың жас шамасы - 16-25аралығында.

- Бірлестік 4 бағыт бойынша жұмыс істейді. Мысалы, «Сатқындар» тобы есірткі саудасына қарсы жұмыс тұрады. Екінші топ – «Суррогат». Ондағы жастар дүкендерде 21 жасқа дейінгі жастарға заңсыз ішімдік сатқандарды анықтауға көмектеседі. Үшінші бағыт – «Жаттығу» жобасы. Мысалы, бірлестік мүшелері бір-бірден жаттығу алаңдарында жаттығу жасауға міндеттеме алады. Олар спортты қоғамға насихаттайды. Жұртты салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Ал «36/1» бағытымыз, мысалы, мемлекеттік рәміздеріміздің бірі туымыз жыртылғанын байқаса бұл  туралы хабар береді, - дейді ол.

Тойытовтың пікірінше, бұл жастардың рухын көтеріп,  патриоттық сезімін дамытады. Қоғамдық бірлестік өз елін өзгертуге белсене қатысқысы келетін жастарды бір алаңға жинайды. Миссиясы – әділетсіздікке қарсы тұру. Бірлестіктің қатарына қабылданғандарды құқығы толық қорғалады, қауіпсіздігі сақталады.

 

- Шымкенттен штаб ашу себебіміз – қалада белсенді жастар көп. 1 жыл ішінде бастамашыл топ өз ынтасын көрсетті. Біз жастарға өзін-өзі дамытуға, уақытын тиімді пайдалануға,  қоғамдық істерге араласуға, азаматтық ұстанымын қалыптастыруға мүмкіндік береміз, - дейді Мейірболат Тойытов.

Енді Шымкенттегі штабтың өз ғимараты бар. Онда бірлестік мүшелері қоғамдық, білім беру және әлеуметтік өзекті мәселелерді талқылайды. Дәрістер, кездесулер мен пікірталастар өтеді. Жаттығып,  физикалық қабілеттерін дамыта алады.