Қазіргі уақытта Қарағанды облысы әкімдігінен ресми түсініктеме күтіліп отыр.
Қарағанды қаласында бокстан олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Даурен Есімханов қатысқан жанжал болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қос чемпионның басқармада төбелескен видеосы тарады.
Редакция мәліметінше, оқиға 21 қаңтар күні Қарағандыдағы облыстық кешенді мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында болған. Алдымен тараптар арасында сөзге келу орын алып, кейін ол төбелеске ұласқан. Нәтижесінде Серік Сәпиев дене жарақатын алған.
Аталған дерек бойынша ұрып-соғу фактісімен қылмыстық іс тіркелді. Қылмыстық баптың санкциялары айыппұл, қоғамдық жұмыстар немесе 25 тәулікке дейін қамауға алуды көздейді.
Tengrinews.kz редакциясы Серік Сәпиев пен Даурен Есімхановпен байланыса алмаған. Қазіргі уақытта Қарағанды облысы әкімдігінен ресми түсініктеме күтіліп отыр.
Сонымен қатар, журналистер Қарағанды облысының полиция департаментінен пікір алған.
«Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал болғаны анықталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.