09.01.2026, 19:00

Ақтөбеде 8 жасар бала батутқа барғаннан кейін мүгедек болып қалған

Фото: globallookpress.com

Бірнеше сүйегі сынған, ауруханаға жеткізілген соң сүйегіне темір спица салынды.

Ақтөбеде батут саябағында демалған 8 жастағы бала ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалды. Сот саябақ басшылығын жәбірленуші тарапқа 7 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға 2024 жылы батут саябағында болған, ал сот процесі 2025 жылы аяқталды. Жәбірленуші баланың анасы моральдық зиянды өтеу үшін азаматтық талап арызын тапсырған.

Сот материалдарына сәйкес, бала батутта ойнап жүріп еденге құлаған. Бірнеше сүйегі сынған, ауруханаға жеткізілген соң сүйегіне темір спица салынды. Бала анасымен бірге ауруханада бір апта ем қабылдаған. Алайда отадан кейін жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түсіп, комаға кеткен.

Жәбірленушінің анасының айтуынша, ота кезінде ұлының сүйек буынына бекітілген темір штырьден бала отыра да, жүре де алмай қалған.

«Тек төсекте жатты. Ауруханадан шыққан екі айдан кейін жамбас пен аяқ тұсы қатты ауырып, тіпті ұйықтай алмайтын жағдайға жеттік», — дейді ол.