12 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Хромтау аудандық сотында қаланың бұрынғы әкімі Сағындық Шабықбаев пен Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрбек Қазбектің ісі қаралды. Айыпталушылар сотта кінәсін мойындап, айыппұл ретінде жаза тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Айыпталушы Н.Қазбек қазан айында абаттандыру және жөндеу жұмыстарына жауапты мердігерден Хромтау қаласының әкімі С.Шабықбаевқа 400 мың теңге және өзіне пара ретінде 1 100 000 теңге аударуды талап еткен.
Сондай-ақ белгіленген мерзімде қаржыны аудармаса күш қолданатынын айтып, қорқытқан. Ол осы сипаттағы әрекетімен жәбірленушіге 700 мың теңге көлемінде шығын келтірген.
Сот барысында жәбірленуші Н.Қазбектің әрекетін кешіргенін мәлімдеген. Сондықтан оған қатысты "Бопсалау" ісі қысқартылып, айыптау "Пара алу" дерегі бойынша жалғасқан. Қылмыстық істі қарау барысында екі айыпталушы да кінәсін мойындаған. Сот оларды кінәлі деп тапты.
Үкімге сай С.Шабықбаевқа өмір бойына мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды.
Сондай-ақ 12 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Қамауда болған уақыты есепке алынып, түпкілікті айыппұл сомасы 11 355 151 теңге болды.
Н.Қазбек те осы көлемде айыппұл арқалады. Оның да күзетпен ұстау уақыты есепке алынып, 11 339 424 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Айта кетейік, С.Шабықбаев Хромтау қаласының әкімі қызметіне 2023 жылдың қыркүйегінде тағайындалған болатын.