Медициналық мекеменің жертөлесіне ұқсас бөлмеде белгісіз азаматтар есірткі қолданады деген мәлімет тарады.
Өскемен тұрғындары қаланың №1 қалалық ауруханасының ішінде түсірілген дабыл қағарлық видеоны жариялап, жағдайға алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Куәгерлердің айтуынша, медициналық мекеменің жертөлесіне ұқсас бөлмеде белгісіз азаматтар есірткі қолданады деген мәлімет тарады. Адам өмірі мен денсаулығын қорғауы тиіс мекеме дәл осындай оқиғалармен байланысты аталуына жұртшылық наразы. Өйткені аурухана – көмек пен қауіпсіздік көрсетілетін орын, ал тұрғындар мұндай көріністі мүлде қабылдай алмай отыр. Қазақстан Президенті бұған дейін нашақорлықтың алдын алуды күшейтуді бірнеше рет тапсырған. Мемлекет басшысы есірткімен күрес жүйелі түрде - көше деңгейінен бастап мемлекеттік мекемелерге дейін жүргізілуі керек екенін атап өткен болатын. Ал Өскемендегі жағдай бірқатар өткір сұрақтарды күн тәртібіне шығарды:
- Бұлайша есірткі қолдану аурухана ішінде қалай мүмкін болды?
- Неге тиісті органдар мұны дер кезінде тоқтатпаған?
- Қайда бақылау, қайда жауапкершілік? Қала тұрғындары бұл оқиғаға байланысты аурухана әкімшілігінен, құқық қорғау органдарынан және әкімдіктен жедел әрі нақты жауап күтеді. Мәселені жабулы қазан күйінде қалдыруға болмайды қоғам қатаң шаралар мен толық, ашық тергеуді талап етуде.