05.12.2025, 19:20

Елімізде 50 мыңнан астам адам банкрот деп танылды

Фото: fingramota

Қазір парламентте ломбардтарды соттан тыс банкроттық рәсіміне қатысатын кредиторлар тізімінен

Банкрот деп танылған қазақстандықтардың жалпы қарызы 188 млрд теңгеге жеткен. Бұл туралы вице-министр ОКҚ-дегі баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.

Ержан Біржановтың дерегінше, жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша заңнама кезең-кезеңімен жетілдіріліп жатыр. Биыл қабылданған өзгерістердің қатарында 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін жасалған қарыз шарттары бойынша міндетті түрде қарызды реттеу талабының алып тасталуы бар. Сонымен бірге борышкерге соттан тыс банкроттық рәсімін себеп көрсетпей тоқтатуға мүмкіндік берілген.

Сондай-ақ банкроттың қаржы ұйымдары алдындағы барлық міндеттемелері, кредиттік бюролар базасында көрінбейтін қарыздарымен қоса, толық тоқтатылады.

Қазір парламентте ломбардтарды соттан тыс банкроттық рәсіміне қатысатын кредиторлар тізімінен шығару жөніндегі түзетулер қаралып жатыр. Бұдан бөлек, берешегі 1600 АЕК-тен аспайтын азаматтар үшін банкроттық рәсімінің мерзімін қысқарту ұсынылған.

Жеке тұлғалардың банкроттығы Қазақстанда 2023 жылғы 3 наурыздан бастап қолжетімді болды. Осы уақыт ішінде мыңдаған азамат қарыз мәселесін түбегейлі шешу үшін осы тетікке жүгінген.

2025 жылдың маусым айының соңында қаржы нарығын дамыту, тұтынушылар құқығын қорғау және байланыс саласына қатысты бірнеше заңға өзгерістер енгізілген жаңа құжатқа қол қойылды. Ол «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңды жетілдіруді де қамтиды. Енгізілген түзетулер азаматтарға қарызды кешіртуге немесе төлемді кейінге шегеруге мүмкіндік бере отырып, олардың қаржылық жағдайын жеңілдетуге бағытталған.

Бұл өзгерістер 31 тамызда күшіне енді және бұған дейін өтініші қабылданбай қалған борышкерлерге де өз мәселесін қайта қаратуға жол ашады.