Отбасы банк түсіндірмесінде: «ЖК Montblanc бойынша біз застройщикпен арнайы келісім жасаған жоқпыз» дейді.
ЖК Montblanc ісі қаржы жүйесінің әлсіз тұстарын ашты.Қазақстандағы ипотекалық нарықтағы үлкен түйткіл тағы көрінді: азаматтар жылдар бойы ипотека төлеп отыр, бірақ олардың сатып алған пәтері орналасқан үй заңсыз салынып шыққан. Алматыдағы ЖК Montblanc төңірегіндегі дау банктердің жауапкершілігі қандай екенін, ал мемлекеттік бақылау неге жұмыс істемейтінін ашық көрсетіп берді. Бүгінде осы кешеннен ипотека алған бірнеше азамат ай сайын жүздеген мың теңге төлеп отыр. Ал кешеннің өзі — сот шешімімен бұзылуы тиіс нысан. Бірақ ол әлі тұр. Тұрса да, заңсыз нысан болып қала береді. Демек, сол нысанға несие беру фактісінің өзі — үлкен дабыл.
Неге адам жоқ пәтердің ипотекасын төлеп жүр?
Отбасы банк түсіндірмесінде: «ЖК Montblanc бойынша біз застройщикпен арнайы келісім жасаған жоқпыз» дейді. Яғни банк өзіне жауапкершіліктің қатысы жоқ екенін көрсеткісі келеді. Несие аралық займ ретінде берілген, ал мұндай займ кез келген үйге берілуі мүмкін. Бірақ қарапайым азамат үшін мұның еш айырмашылығы жоқ. Халық үшін банк - ең сенімді мекеме. Адамның логикасы қарапайым: Егер банк несие берсе — демек, ол нысанға сенім бар. Экономист Данияр Қасымұлы осыны нақты атап өтеді: «Халық банкке тек қаржы ұйымы ретінде емес, қауіпсіздік сүзгісі ретінде қарайды. Яғни банк қауіпті үйге несие бермейді деп сенеді. Егер банк тексермей несие берсе, бұл оның ішкі бақылау жүйесінің әлсіздігін көрсетеді». Бұл жерде банк бар жауапкершілікті азаматтың өзіне қайтарады «Үйді өзіңіз таңдадыңыз» дейді. Ал нарықтың шынайы ахуалында халықтың кәсіби тексеруі мүмкін емес.
Банк неге заңсыз салынған нысанға да несие бере береді?
Отбасы банк жауабында: «бұл нысан мемлекеттік бағдарламаға кірмеді, тек жалпы ипотека ретінде несие берілді» дегенді айтады. Бірақ басты сұрақ өзгермейді: Егер үйдің құжаттары толық болмаса, банк несие беруді неге тоқтатпады?
Құрылыс саласының сарапшысы Айгүл Төлегенова бұл мәселені былай түсіндіреді: «Қазір көп банк құжат бар ма – соған ғана қарайды. Бірақ құжаттың артында құрылыс сапасы, компанияның тәжірибесі, әкімдіктің ескертуі сияқты маңызды факторлар тұр. Банк барлығын кешенді түрде тексермейді. Бұл қаржы жүйесінің ең әлсіз жері». ЖК Montblanc ісінде үй АПЗ-сыз, келісімсіз, сараптамасыз салынғаны кейін белгілі болды.Ал банкке берілген құжаттар толық болған-болмағаны — ең үлкен сұрақ. Бірақ несие бәрібір рәсімделген.
Бұл жағдай жалпы экономикаға қалай әсер етеді? Біріншіден, бұл халықтың банкке деген сенімін әлсіретеді. Екіншіден, құрылыс нарығындағы бақылаудың әлсіз екенін дәлелдейді. Үшіншіден, ипотека төлеп жүрген әрбір азамат өзін қауіпке душар етеді. Қаржы сарапшысы Әлішер Маратұлы бұл жағдайдың экономикалық салдарын былай сипаттайды: «Егер банктер тексеруді күшейтпесе, мұндай оқиғалар қайталана береді. Халық банкке сенеді, банк сол сенімді ақтауы тиіс. Тәуекелі жоғары үйге несие беріле берсе, қаржы жүйесіне деген сенім төмендейді». Заңсыз нысанға берілген несие - банк үшін де қатер. Үй сотпен бұзылады, ал несие қалады. Азамат төлеуді тоқтатса, банк шығынға батады. Яғни мәселе тек азаматтың ғана емес — банк жүйесінің де проблемасы.
Мемлекеттік бақылау неге жұмыс істемеді?
ЖК Montblanc бойынша: әкімдік 2024 жылы нысан заңсыз екенін мәлімдеді, сот 2023 жылы бұзу туралы шешім шығарды, бірақ үй әлі тұр. Бұл банк үшін де, азамат үшін де қауіпті жағдай. Әкімдік дер кезінде тоқтатпайды, банк дер кезінде тексермейді, ал халық қорғансыз қалады.
Отбасы банк айтуынша: төлемдер тоқтатылмайды, тек бір адамға уақытша жеңілдік берілген, қалғандары ай сайынғы төлемді жалғастыруы тиіс. Ал азаматтардың застройщиктен ақша өндіруі ұзақ әрі қиын процесс. Үш адамда сот шешімі бар, бірақ өтемақының қашан қайтарыласы белгісіз.
Банк жауапкершілігі қайта қаралуы тиіс
ЖК Montblanc ісі үш негізгі проблеманы ашты: Банктер нысандарды терең тексермейді. Мемлекеттік бақылау кеш жүреді. Азаматтардың құқықтық қорғанысы әлсіз. Бұл жағдай мынаны дәлелдеді: Банк тек несие беруші ұйым ғана емес, азаматтың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін институт болуы керек. Экономист Данияр Қасымұлының қорытынды сөзі өте дәл: «Егер банк халықтың сенімін ақтамаса, бүкіл қаржы жүйесі шайқалады».