Егер шығын көп, табыс аз болса – қарыз көбейеді, баға шарықтайды.
Қазақстан алдағы жылдары жаңа экономикалық кезеңге қадам басқалы отыр. Бұл кезеңде инфляцияны ауыздықтау, теңгенің тұрақтылығын сақтау және халықтың күнделікті шығындарын жеңілдету басты міндетке айналды. Осы ретте әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі біздің елдің алдағы жағдайына қатысты жаңа болжам ұсынды, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Инфляция деген не және неге бәрін мазалайды?
Халық «инфляция» деген сөзді күнде естиді, бірақ оны көп адам әртүрлі түсінеді. Инфляция – тауар мен қызметтің бағасы тоқтаусыз қымбаттай беруі. Баға көтерілсе, жалақының құны төмендейді. Сол үшін кез келген мемлекет алдымен инфляцияны тоқтатуға тырысады. Қазақстанда соңғы жылдары баға қатты өсті. Әсіресе азық-түлік, киім, дәрі-дәрмек, коммуналдық қызмет қымбаттап кетті. Мұндай жағдайда халықтың табысы өсе бермейді, ал шығын көбейе береді. Дәл осы себепті ірі халықаралық сарапшылар біздің елдің инфляциямен қалай күресіп жатқанын мұқият бақылап отыр.
Әлемдегі ең ірі банктің болжамы қандай?
АҚШ-та орналасқан әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі Қазақстандағы бағалар жылыстауына талдау жасапты. Олардың айтуынша, алдағы жылы Қазақстан инфляцияны тоқтатуға жақындайды.
Банк сарапшылары: «Қазақстан бюджет пен ақша саясатын дұрыс бағытқа бұра бастады. Бұл инфляцияның бәсеңдеуіне жол ашады», – деп жазады.
Мемлекеттің ақшасы да отбасының ақшасы сияқты. Егер шығын көп, табыс аз болса – қарыз көбейеді, баға шарықтайды. Ал егер табыс пен шығын тең болса – тұрақтылық болады. Қазақстан үкіметі 2026 жылға арналған бюджет жобасын жариялады. Сарапшылар оның бірнеше маңызды тұсын атады: Келесі жылы мемлекет табысы 23,1 трлн теңгеге жетеді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 3,6 трлн теңгеге көп.Ең үлкен өсім – қосылған құн салығынан түсетін қаражат. Шығындары 27,8 трлн теңге болады. Бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,5% шамасында. Бастысы – үкімет тапшылықты азайтуға бет алған. Бұл – отбасы бюджетінде «қарызды азайтуға кірістік» дегенмен бірдей. Экономист Нұрлан Есжанов Қазақстанның бюджет саясатын оң бағалап отыр: «Тапшылықтың азаюы – бағаның тұрақтануына тікелей әсер етеді. Өйткені мемлекет қарызды азайтса, артық ақша баспайды. Бұл – инфляцияға қарсы ең тиімді қадамдардың бірі», – дейді экономист. Оның айтуынша, Қазақстан алғаш рет ұзақ жылдардан кейін шығынды қысқартуға бел буып отыр. Бұл – халыққа пайдалы өзгеріс.
Ақша саясаты: несие неге қымбат, ставкалар неге жоғары?
2025 жылдың күзінде Президент Ұлттық банктің жұмысын сынға алғаннан кейін, ақша саясаты қатаңдай түсті. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдырды. Бұл нені білдіреді? Несие қымбаттайды. Банк арзан ақша таратпайды. Нарықта артық ақша азаяды. Баға өсімі тежеледі. Экономикасы дұрыс бағытта дамыған елдердің бәрі инфляцияны дәл осылай тежейді. Қаржы талдаушысы Айсұлу Омарованың айтуынша, жоғары мөлшерлеме уақытша ғана болуы тиіс:
«Базалық мөлшерлеменің жоғары болуы – ел үшін бір сәттік ауыр шешім, бірақ әрекеттің ең тиімдісі. Өйткені арзан ақша көбейсе, баға да шарықтайды. Ұлттық банк бұл жолы дұрыс бағыт таңдады», – дейді сарапшы. Айсұлу ханым инфляция төмендей бастағанда Ұлттық банк мөлшерлемені біртіндеп төмендетуі мүмкін екенін айтты.
Сыртқы қарыз: қауіп пе, мүмкіндік пе?
Кейінгі жылдары Қазақстанның сыртқы қарызы 170 млрд долларға дейін өсті. Халық арасында бұл көрсеткіш жиі алаң тудырады. Бірақ сарапшылар мұнда бір маңызды деталь бар дейді. 2025 жылы Қаржы министрлігі 2,5 млрд долларлық халықаралық облигация шығарып, сыртқы қарызды толық қайта қаржыландырды. Яғни жаңа қарыз алып, ескіні жапты. Нәтижесінде жалпы қарыз көлемі өзгерген жоқ. Халықаралық нарық маманы Асқар Төлеуов сыртқы қарызды жағымсыз дүние деп қарамауға кеңес береді:
«Негізі кез келген ел сыртқы нарықтан қарыз алады. Маңыздысы – қарызды қайда жұмсайтыны. Қазақстан қазір инфрақұрылым мен әлеуметтік жобаларға қаржы бөліп жатыр. Бұл – елдің ұзақ мерзімді дамуына керек», – дейді ол. Сарапшы мемлекет қарызға батып жатқан жоқ, керісінше, сыртқы капиталды өзі үшін тиімді пайдаланып отыр дейді. Қиындық туса, мемлекет алдымен қаржы қорларына сүйенеді. Қазақстанда екі ірі қор бар: Ұлттық қор – 60,3 млрд доллар. Халықаралық алтын-валюта қоры – 51,8 млрд доллар. Бұл – еліміздің «қауіпсіздік жастығы». Сарапшылардың бәрі осы қорларға қарап Қазақстан сыртқы күйзелістерден қорғана алады деп отыр. 2025 жылдың он айында елдің ішкі жалпы өнімі 6,4% өсті. Соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. Қазақстан қиын жылдардан кейін экономикалық бағытты түзеуге кірісті. Бұл жол оңай емес, бірақ дұрыс таңдалғаны анық. Қатаң ақша саясаты, теңгерімді бюджет, сыртқы қарызды тиімді басқару және жоғары қаржы қорлары – елді тұрақтылыққа жетелейтін негізгі факторлар. Сарапшылардың айтуынша, алдағы 2 жыл Қазақстан үшін шешуші кезең болмақ. Егер осы бағыттан таймай, реформа жалғаса берсе, инфляция төмендеп, халықтың тұрмысы жеңілдей бастайды.