$ 516.86  598.68  6.58

«Дәрігерлердің жалақысы төмен»: Денсаулық сақтау министрлігі неге шешімін таппай отыр?

Жедел жәрдем саласындағы жалақы мөлшерін өңірлік әкімдік көтере алмайды, өйткені медицина қызметкерлерінің тарифтік еңбекақысы Үкіметтің тиісті қаулысымен бүкіл ел бойынша бірыңғай бекітілген.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Қарағанды облысы Теміртау қаласында жедел жәрдем қызметінің фельдшерлері мен жүргізушілері ұжымдық бейнеүндеу жасап, ауыр еңбек жағдайлары мен мардымсыз еңбекақы мəселесін көтерді.

«Біз – адамдарға алғашқы көмекке келеміз. Біз өмірлерді сақтаймыз. Енді өзімізді құтқаруды сұраймыз», - деді олар.

Бұл үндеуде мамандар жедел жәрдем бригадаларының жетіспеуі, тозған санитарлық автокөліктер, бір тәуліктік кезекшілікте ондаған шақыртуға шығатын шамадан тыс жүктеме сынды проблемаларды ашық айтты. Ең басты мәселе – жалақының өте төмендігі. Теміртау фельдшерлерінің айтуынша, айлық еңбекақы 133 мың теңгеден басталып, сирек жағдайда 180 мың теңгеге жетеді. Мұндай еңбекақыға отбасын асырау түгіл, күн көрістің өзіне әрең жететіні белгілі. Соның кесірінен мамандар жаппай жұмыстан шығуға мәжбүр, ал қалғандары жүктеменің артуымен екі есе жұмыс істеп жүр.

Кейбірі күнкөріс үшін қоса жұмыс іздеуге мәжбүр: «Жедел жәрдемдегі жалақының аздығынан қосымша екі жерде еңбек етуге тура келеді», – дейді фельдшерлер.

Жедел жәрдем саласындағы жалақы мөлшерін өңірлік әкімдік көтере алмайды, өйткені медицина қызметкерлерінің тарифтік еңбекақысы Үкіметтің тиісті қаулысымен бүкіл ел бойынша бірыңғай бекітілген. Мәселен, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Дана Байкенованың түсіндіруінше, Теміртау фельдшерлерінің айлығы орталықтан белгіленген жалақы шегінде төленуде, сондықтан жергілікті билік ол соманы өз бетімен өсіре алмайды. Демек, бұл түйткілдің шешімі Денсаулық сақтау министрлігі мен орталық үкіметтің құзырында. Айта кетсек, елімізде 2025 жылдың III тоқсанындағы орташа айлық жалақы 429 368 теңгені құрады. Салыстырсақ, жедел жәрдем фельдшерінің кірісі елдегі орташа жалақының үштен біріне де жетпейді. Мұндай алшақтық ақ халаттыжандардың еңбегі тиісінше бағаланбай отырғанын көрсетеді.

Теміртау фельдшерлерінің жанайқайынан кейін министрлік пен жергілікті билік назар аударуға мәжбүр болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жағдайдан хабардар екенін мәлімдеп, медицина қызметкерлерінің кәсіподағы Министрлікке жалақыны өсіру үшін әр тұрғынға шаққандағы қаржыландыру тарифін көтеру туралы ұсыныс жолдағанын хабарлады. Қазіргі кезде жедел жәрдем қызметі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландырылады екен. Министрлік өкілдерінің айтуынша, тарифті өсіріп, сол арқылы жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбекақысын көбейту қажеттігі туындап отыр. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл мәселені шешу үшін тиісті есеп-қисап жасалып, өңірлермен ақылдасу жүріп жатқанын жеткізді. Министр сондай-ақ алдағы үш жылдық бюджетте жедел медициналық көмек қызметін дамытуға қосымша 5 млрд. теңге қарастырылғанын мәлімдеді.

Министрлік материалдық-техникалық базаны жақсарту шараларын да тілге тиек етті. Акимат өкілдері Теміртауға жыл соңына дейін 113 жаңа жедел жәрдем көлігі жеткізілетінін хабарлады. Бұл көліктер бригадалардың шақыртуларға уақытылы баруын жеңілдетіп, жүктемені азайтуы тиіс. Дегенмен мамандар «жаңа машина алу – мәселенің бір жағы ғана, адамгершілікке сай еңбек шарты мен лайықты жалақы болмаса, жүйеден кадрлар кете береді» деп отыр. Расында, ескірген автопарк, жетіспейтін санитарлық көлік проблемасы шешілген күннің өзінде, тиын-тебенге күнелткен медицина мамандары жұмыста тұрақтамайтыны анық.

Денсаулық сақтау министрлігі мәселенің күрделі екендігін мойындағанымен, түйінді түпкілікті тарқатуға асығар емес деген сын айтылады. Ведомство басшысы А.Әлназарова жедел жәрдем қызметкерлерінің жалақысы 2020 жылдан бері 2,5 есеге өсірілгенін және 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген жаңа ынталандыру жүйесі аясында дәрігерлер мен фельдшерлерге қосымша бонустар қарастырылғанын айтты. Бұл бонус төлемдеріне мемлекет шамамен 25 млрд теңге бөліп отыр. Алайда инфляция қарқыны мен өмір сүру құнының өсуін ескерсек, соңғы жылдардағы жалақы өсімі нақты өмірде айтарлықтай сезілмей қалған сыңайлы. Мәселен, жоғарыда айтылған 133-180 мың теңге көлеміндегі айлықтар 2019 жылғы 50-60 мың теңгеден көтерілгеннің өзінде де, қазіргі күнкөріс деңгейіне сай емес.

Оның үстіне кейбір өңірлерде материалдық жағдай тіпті мүшкіл: Қостанай, Атырау қалаларында да жедел жәрдем қызметкерлері жалақының аздығы мен жұмыс жағдайының нашарлығын бірнеше рет көтерген болатын. Мысалы, Костанайда фельдшерлер төмен еңбекақымен қатар, қыс кезінде жедел жәрдем стансасында жылытудың жоқтығына да шағымданған.

Министрліктің қолындағы тетіктердің бірі – денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру моделі. Қазіргі таңда жедел жәрдем бригадаларының шығыны әр тұрғынға шаққандағы тариф арқылы өтеледі, ал оның мөлшері көп жылдан бері өзгермеген. Теміртау фельдшерлерінің бастамасымен кәсіподақ ұсынған тарифті ұлғайту ұсынысы осы мәселені шешудің кілті болуы мүмкін, тарифті өсіру арқылы фельдшерлердің жалақысын инфляция деңгейіне сәйкестендіру көзделуде. Министрлік бұл ұсынысты қарастырып, тарифті арттырудың қаржылық негіздемесін есептеп жатырмыз дейді. Алайда бюрократиялық келісу процестері мен бюджет шектеулеріне байланысты нақты шешім кешігіп отырған сыңайлы.

Жедел жәрдем – кез келген қоғамның айнасы іспеттес стратегиялық қызмет. Адамдар ауырған сәтте ең алдымен осы қызметке жүгінеді, ал ол қызмет сапасы мен қолжетімділігі тікелей мамандардың жағдайына тәуелді. Ресми дерек бойынша, 2025 жылы Қазақстанда орташа айлық жалақы 429 мың теңгені құрады, ал өмір мен өлімнің арасында арпалысатын фельдшер бар болғаны 150 мың теңге төңірегінде алады. Бұл теңсіздік олардың тұрмысында ғана емес, қоғамның медициналық көмек сапасында да көрініс табуы ықтимал. Жалақы мардымсыз, жұмыс ауыр болғандықтан, қазірдің өзінде кейбір өңірлерде кадр тапшылығы сезіле бастады – Теміртауда бірнеше бригада мүшелері жұмыстан шығып кеткендіктен, қалған мамандарға түсетін салмақ артқан. Егер осы қарқын жалғасса, ауыл-аймақта түгіл, ірі қалалардың өзінде жедел жәрдем шақырсаңыз, жаныңыңызға жететін адам табылмай қалуы мүмкін.

Теміртау жедел жәрдем қызметкерлерінің жанайқайы – бүкіл саладағы жүйелік проблеманың бергі жағы ғана. Министрліктің «біз мәселені зерттеп жатырмыз, шешім іздеп жатырмыз» деген жауабы уақыт ұттырар, формалды сипатта қабылданып отыр. Бір жағынан, мемлекеттік бюджетке салмақ түсіру де ойландырады, дегенмен адамдардың өмірін арашалап жүрген мамандардың еңбегін тиісті деңгейде бағалау – кезек күттірмейтін міндет. Атқарушы билік қысқа мерзімде қосымша қаржы көздерін қарастырып, тарифті қайта қарап, жедел жәрдем қызметкерлерінің айлығын бәсекеге қабілетті деңгейге жеткізуі қажет. Әйтпесе, «техника мен көлік алып бердік» дегенмен мәселе шешілмейді – жалақы өспесе, жүйе мамандардан айырыла бермек. Ал бұл өз кезегінде қарапайым халықтың дер кезінде медициналық көмек алу мүмкіндігін шектейтіні анық.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары