"Жанымда 20 жыл болғандай із қалдырдың".
Қызмет бабы барысында қаза тапқан елордалық фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел желідегі парақшасында жантебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ол өз жазбасында сүйіктісімен жеті жыл жүргенін, ал отбасын құрғандарына небәрі екі-ақ апта болғанын жеткізеді.
"Махаббатым менің… Біз алғаш 2017 жылы кездестік, бірақ Алланың қалауымен үйлену тойымыз тек 2025 жылы болды. Өзің бізбен екі апта ғана болдың, бірақ жанымда 20 жыл болғандай із қалдырдың… Баршаға риясыз күлкің мен шынайылықты, адалдықты, жүрек жылуын және шексіз сүйіспеншілікті сыйладың. Біз сені жақсы көреміз. Сені сүйемін. Өзіңді қатты сағындым. Оқыған әрбір дұғам, оқыған әрбір Құраным сенің қабіріңді жылытып, зиратыңды жарыққа толтырсың", делінген Threads-тегі Әділет Зейнелдің жазбасында.Айта кетсек, 2025 жылы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылы бойындағы тұрғын үй кешенінің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, үйінді астында қалған адамдарды құтқару кезінде қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы фельдшерінің басына кондиционер қондырғысы құлап қаза тапты.