18.11.2025, 13:20

«Ең кішісі 1 жаста, бес бала бір отбасынан»: Түркістан облысындағы өрт туралы жаңа дерек шықты (ВИДЕО)

Фото: коллаж Sn.kz

Үш қыз және екі ұл бала.

Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылындағы жеке тұрғын үйде өрт болған кезде екі отбасы болғаны анықталды. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Зәкиева тоғыз баланың қазасына байланысты жазба жариялап, қайғылы оқиғаның мән-жайын түсіндірді.

"Үйде екі отбасы, ата-аналар мен балалары бірге болған. Өрт шығып, соның салдарынан үйдің шатыры опырылып түскен", - деп жазды ол.

Оның айтуынша, өңірлік уәкіл психологиялық қолдау орталығының мамандарымен бірге оқиға орнына жолға шыққан.

Өрттен аман қалған үш адам қазір жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы олардың барлығының жағдайы ауыр екенін мәлімдеді.

"Медициналық мекемелерге екі ересек пен бір бала жеткізілді. Үшеуі де жансақтау бөлімінде, жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты. Науқастарға қарқынды терапияның толық көлемі көрсетіліп, салалық мамандардың бақылауында", - деп хабарлады басқарма өкілдері.

Сонымен қатар облыстық медициналық ұйымдардан қосымша мамандар жұмылдырылып, қажетті дәрі-дәрмек пен психологиялық көмек толықтай қамтамасыз етілді.

Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, өрттен қаза тапқан тоғыз баланың ең кішісі 2024 жылы туған. Қаза болғандар арасында 2009, 2010, 2012, 2015, 2017, 2019 және 2021 жылдары туған балалар бар.

Қайғылы жағдайда көз жұмған бес бала бір отбасынан болған. Үш қыз және екі ұл бала. Ал екінші отбасынан 2018 жылы туған бір қыз бала ғана аман қалған. Сондай-ақ екі ересек адам жансақтау бөлімінде жатыр.