Алайда белсенді ұсынылған уақыт пен орынды қолайсыз деп есептеп, өз өтінішінен бас тартқан.
5 қараша кешкісін Өскемендегі «Достық үйі» маңында ондаған қала тұрғыны жиналды. Халық Шығыс Қазақстан облысы үшін бұрынғы уақыт белдеуін қайтару туралы жоспарланған митинг өтетін-өтпейтінін білгісі келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Акцияны ұйымдастырушы — қала тұрғыны Леонид Карташёв. Ол 2024 жылдың күзінде бейбіт митинг өткізуге рұқсат сұраған болатын. Бір жылдан кейін билік өтінішті қанағаттандырып, 5 қараша күні сағат 17:00-ден 18:00-ге дейін Назарбаев даңғылында өткізуге келісім берген.
Алайда белсенді ұсынылған уақыт пен орынды қолайсыз деп есептеп, өз өтінішінен бас тартқан. Ол акцияның күнін және регламентін тұрғындармен бірлесе отырып бекітуді талап еткен.
Соған қарамастан, кейбір тұрғындар митингтің тоқтатылғанын байқамай, алаңға келген. Олар қала әкімдігінің ресми парақшасынан акцияның өтпейтіні туралы хабар таппағандарын айтып, жағдайды орнында нақтыламақ болған.
— «Жаңалықтарда митинг өтеді деп айтылды. Ал тоқтатылғаны жайлы еш ақпарат көрмедім. Сол себепті осында келдік. Бізді уақыттың өзгеруі алаңдатады. Бұл – адамның биологиялық ырғақтарына әсер етеді. Бір айдан кейін адамдар күндізгі үштің өзінде ұйықтағысы келетін болады, өйткені астрономиялық түн ерте түседі. Бұл қалыпты жағдай емес. Біз осыған назар аудартқымыз келеді», — деді қоғамдық белсенді Роман Честных.
Оқиға орнында полиция да, әкімдік өкілдері де болмаған.
Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, әкімдік Карташёвқа митинг өткізуге рұқсат берген, алайда ол өзі ұсынған күннен бас тартқан.
Митинг ресми түрде өтпесе де, Өскемен тұрғындары уақыт белдеуін өзгерту тақырыбын әлеуметтік желілерде белсенді талқылап жатыр.