Қарағандыда азаматтық бақылау аясында «Дала Қырандары» қоғамдық бірлестігінің мүшелері заңсыз алкоголь өнімдерінің айналымына тосқауыл қою мақсатында кезекті рейд ұйымдастырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тексеру барысында Молоков көшесіндегі 24-үйде орналасқан дүкеннен суррогат алкоголь сату фактісі анықталды.
Оқиға орнынан шығу тегі белгісіз, ешқандай құжаты мен таңбалауы жоқ 30 литр спирттік сұйықтықтәркіленді. Өнім пластикалық бөтелкелерге құйылған. Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде тіпті аз мөлшерде — 100 грамм суррогатты сатып алып, орнында ішуге мүмкіндік болған. Мұндай жағдайлар адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.
Шараның басты мақсаты — қауіпті әрі заңсыз алкоголь өнімдерін сататын орындарды анықтап, олардың жұмысын тоқтату және тұрғындарға суррогат ішімдіктердің зияны туралы түсіндіру.
«Дала Қырандары» өкілдері мұндай орындардың адамгершілік құндылықтарды бұзып, қоғамда қылмыстың ошағына айналып бара жатқанын, сондықтан олармен күрес — қоғам қауіпсіздігі үшін маңызды іс екенін айтты.
«Біз қалаларымызда дүкен бейнесімен жасырынып, суррогат өнім сатып отырғандардың адамдарды улап отырғанына куәміз. Бұл — бизнес емес, халыққа қарсы қылмыс. Біз құқық қорғау органдарын шақырып, барлық өнімді тәркілеуді талап еттік», — деді Қарағанды облысындағы «Дала Қырандары» қозғалысының өкілдері.
Тәркіленген спирттік сұйықтық сараптамаға жіберілді, материалдар тиісті органдарға тапсырылды. #Суррогат бастамасы аясындағы мұндай рейдтер алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады.