31.10.2025, 10:50

Өскеменде әкімдігі ауаға 500 миллион теңге бөлмек: Қыруар қаржы желге ұшпай ма?

Фото: Halyq Uni

Атмосфераны бақылаудың жаңа жүйесін сатып алу үшін 498,5 млн теңге бөлінеді.

Өскеменді тағы да қою түтін басып тұр. Қала тұрғындары бір аптадан бері лас ауамен тыныстап келеді. Экологтар нормадан бірнеше есе артық зиянды заттар тіркесе, билік мәселені шешу үшін жарты миллиард теңге жұмсамақ. Ал тұрғындарға әзірге “қызылша шырынын ішіңдер” деп кеңес беріліп отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Облыс әкімдігінде бүгін ауа сапасына қатысты жиналыс өтті. Әкім Нұрымбет Сақтағанов жағдай нашарлаған кезде жедел әрекет ететін жүйе әзірлеуді тапсырды.

«Атмосфераны бақылаудың жаңа жүйесін сатып алу үшін 498,5 млн теңге бөлінеді. Қазір келісімшартқа қол қою кезеңінде», – делінген әкімдік хабарламасында.

Сонымен қатар, 65,5 млн теңгеге мобильді зертхана сатып алынбақ. Оны қарашада әкелу жоспарланған.

Бүгінде қаланың ауасын «Қазгидромет» мекемесінің 10 бекеті және зауыт мұржаларындағы датчиктер бақылайды. Экология департаментінің дерегінше, жыл сайын Өскемен атмосферасына 158 мың тонна зиянды қалдық тарайды. Оның 50 мың тоннасы – ірі зауыттардан, қалғаны көліктер мен жеке үйлерден шығады.

Билік пен экологтар шешім іздеп жатқанда, тұрғындарға қаладан тыс шығу, қызылша мен сүт өнімдерін көбірек тұтыну, қажет болса сорбент қолдану ұсынылды.

Ал синоптиктер 29 қазанның кешінен 30 қазанның таңы аралығында қалада екінші дәрежелі қолайсыз метеожағдай болатынын ескертті.