$ 530.07  615.2  6.58

Банктердің заңы бөлек, халықтың күйі бөлек: 30 миллиардтың артындағы шындық - Банктердің бетпердесін сыпыру уақыты келді ме?

Қазақстанның банк секторы соңғы айларда бірінен соң бірі дау тудырған шешімдер қабылдап жатыр.

Фото: pixabay
Фото: pixabay

Бірі мемлекеттен алынған қаражатты қайтаратынын мәлімдесе, екіншісі ипотека беруді қайта қолға алғанын айтып жұбатады. Үшіншісі тиімділігіне сын естіп жатса, төртіншісі халықтың есепшоттарын салық органдарына ашуға дайын. Бұл шешімдердің барлығы сырт көзге реформалық сипатта көрінгенімен, түбінде банктердің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен шынайы ашықтығына күмән тудырады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Еуразиялық банктің «қайырымдылығы» ма, әлде мәжбүр қадамы ма?

23 қазанда «Еуразиялық банк» АҚ мемлекетке 30 млрд теңге қайтаратынын мәлімдеді. Бұл – қаржылық тұрақтылықты арттыру бағдарламасы аясында шығарылған облигациялардың бір бөлігін кері сатып алу туралы шешім. KASE сайтында жарияланған ресми мәлімет бойынша, банк әрқайсысы 100 теңгеден бағаланған 300 млн облигацияны сатып алуға дайын. Жыл соңына дейін мәмілені аяқтауға уәде берілген.

Алайда бұл сома – банктің мемлекет алдындағы жалпы 150 млрд теңгелік қарызының тек бір бөлігі ғана. Яғни банк алған қарыздың бестен бірін ғана қайтарып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл қадам «мемлекет алдындағы адалдықтың көрінісі» емес, керісінше жаңа басшылықтың имидждік шешімі болуы мүмкін.

Саяси сарапшы әрі экономист Талғат Сүлейменов бұл жағдайды былай түсіндіреді:

«Еуразиялық банк» басшылығына Шухрат Ибрагимов келгеннен кейін беделді қалпына келтіру талпынысы байқалды. Бірақ 30 млрд теңгені қайтару – стратегиялық шешім емес, қоғам алдындағы жауапкершіліктің тек символикалық қадамы. Негізгі мәселе – банк неге мұндай жағдайға түсті, неге мемлекеттен көмек алған деген сұрақтар ашық күйінде қалды».

Шынында да, банк төңірегіндегі корпоративтік тартыстар мен басқарушылар ауысуы қоғамның сенімін әлсіретіп үлгерді. Ибрагимовтың келуімен «еуразиялық бизнес-империядағы» ықпал балансы өзгерді, бірақ банктің нақты қаржылық жағдайы мен тәуекелі туралы ашық ақпарат жоқ.

Ипотекалық нарықтағы «қолжетімді несие» – тек қағаз жүзінде ме?

Қазақстан банктері қазан айынан бастап тұрғын үй несиесін қайта беруге кіріскенін хабарлады. Бұған дейін Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтеруінен кейін банктер ипотеканы уақытша тоқтатқан еді. Ал енді жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шегі 25%-дан 20%-ға дейін төмендемей, 2026 жылдың шілдесіне дейін шегерілді.

Бұл шешім, ресми түсіндірмеге сәйкес, «несиенің қолжетімділігі мен банктердің тұрақтылығы арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін» қабылданған. Бірақ шын мәнінде, бұл тепе-теңдік қарапайым азаматтардың емес, банктердің пайдасына шешілді.

Экономист Әсел Бекенова бұл жағдайды былай сипаттайды:

«Базалық мөлшерлеменің жоғары болуы банктерге тиімді. Өйткені олар депозитке аз төлеп, несиеден көп табыс табады. Ал халық үшін 20%-дық ипотека қолжетімді несие емес. Сондықтан “банктер ипотеканы қайта бастады” деген жаңалық — шын мәнінде нарықтық бәсекенің емес, имидждік қадамның көрінісі».

Расында да, Қазақстанда тұрғын үй бағасы соңғы екі жылда шамамен 40%-ға өскен. Осындай жағдайда 20%-дық ипотека халықтың баспаналы болуына емес, банктердің несиелік портфелін толтыруға көбірек бағытталғанын көрсетеді.

Даму банкі – экономиканың драйвері ме, әлде қағаз жүзіндегі институт па?

Қазан айында Сенат отырысында Ляззат Рысбекова Қазақстанның Даму банкі (БРК) жұмысының тиімділігіне сын айтты. Оның сөзіне қарағанда, банк қаржыландыру көлемін ұлғайтқанымен, нақты нәтиже мардымсыз. 2024 жылы БРК 58 жобаны қаржыландыруға 1,4 трлн теңге бөлсе, 2025 жылдың сегіз айында тағы 48 жобаға 1,2 трлн теңге бағытталған. Бірақ 17 серпінді жобаның ішінде тек біреуі ғана – Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты қаржыландыру алған. Сенатордың айтуынша, банк несиенің қайтарымына басымдық беріп, жобаның әлеуметтік немесе стратегиялық маңызын ескермейді.

«Бұл банктің басты қателігі — ел экономикасына шынайы серпін беретін жобаларды емес, тек қаржылай қайтарымы бар бағыттарды таңдауы. Түпкі нәтиже мен экспорттық бағыттылық төмен. Ал аймақтар мен салалар арасындағы теңсіздік айқын байқалады», – деді Рысбекова.

 

БРК бастапқыда экономиканың нақты секторын қолдауға арналған. Алайда соңғы жылдары банк көбіне ірі бизнес топтарға қызмет етіп, шағын және орта кәсіп иелерінің өтініштерін шетке ысырып келгені жиі сынға ұшырап жүр. Сарапшы Ерлан Нұртай бұл туралы былай дейді:

«Даму банкі тек қағаз жүзінде инновацияны қаржыландыратын институтқа айналды. Ал іс жүзінде жобаларды іріктеу кезінде тәуекелден қорқып, нақты экономикалық серпін беретін идеяларды қолдамайды. Бұл – Қазақстан экономикасының баяу дамуының бір себебі».

Банктік құпия және бақылау: азаматтарға сенім қалды ма?

Қазан айының соңында тағы бір резонансты жаңалық шықты – Қазақстандық банктер енді жеке тұлғалардың есепшоттары туралы мәліметті Мемлекеттік кірістер комитетіне беруге міндеттеледі. Қаржы министрлігінің жаңа бұйрығы банктерге салық органдарының сұрауы бойынша шоттағы ақша қозғалысы туралы ақпарат ұсынуды талап етеді.

Премьер-министр Олжас Бектенов бұл бастаманы «көлеңкелі экономиканы азайту үшін жасалған» деп түсіндірді. Оның айтуынша, бұл халықаралық тәжірибеге сай қадам және банктік құпия бұзылмайды.

«Францияда осындай жүйе енгізілгеннен кейін салықтан жалтару үш есе азайған. Бұл – қалыпты тәжірибе. Ал тек сот шешімімен ақпарат беру артық бюрократия мен бюджет шығынын көбейтеді», – деді Бектенов.

Дегенмен бұл бастама қоғамда үлкен алаң тудырды. Көптеген сарапшылар банктік құпияның бұзылуы азаматтардың қаржы жүйесіне деген сенімін одан әрі әлсіретуі мүмкін екенін айтып отыр.

Қаржы талдаушысы Дархан Құрмановтың пікірінше:

«Банктер азаматтардың деректерін салық органдарына берсе, адамдар қаражатын банкте сақтаудан қашады. Бұл көлеңкелі айналымды азайтпай, керісінше арттыруы мүмкін. Мемлекет банктер арқылы қоғамды бақылаудың жаңа тетігін енгізіп отыр».

Соңғы айларда қабылданған шешімдердің барлығы бір шындықты айқын көрсетеді: Қазақстан банктері халықтың емес, өз мүддесін қорғап отыр. Еуразиялық банктің қарызын қайтаруы – бедел үшін жасалған қадам, ипотека нарығы – банктердің пайдасын арттыру құралы, Даму банкі – қағаз жүзіндегі тиімділік символы, ал есепшот деректерін беру бастамасы – азаматтық сенімге соққы.

Экономикалық жүйе сенімге сүйенеді. Ал сенім жоғалған жерде кез келген қаржылық тұрақтылық уақытша ғана. Банктер өз имиджін емес, қоғам алдындағы адалдығын дәлелдеуі керек. Әйтпесе, «тұрақтылық» туралы кез келген есеп қағазда ғана әдемі көрінеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары