27.10.2025, 18:30

«Балақай ауыр хәлде»: Ақтөбелік жүргізуші 8 жасар қызды қағып кеткен

Фото: Pixabay

Қыз бала бас миының шайқалуы мен сүйек сынықтарымен ауруханаға жеткізілді.

Ақтөбеде, Әбілхайыр хан даңғылында ірі жол-көлік оқиғасы болды. 2005 жылы туған такси жүргізушісі Chevrolet автокөлігін басқарып келе жатып, жаяу жүргіншілер өткелінен  өтіп бара жатқан 8 жастағы қыз баланы қағып кеткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Оқиға 25 қазанға қараған түні болған. Қызды қағып кеткеннен кейін жүргізуші көлікті басқара алмай, тағы үш машинаға соғылған», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Қыз бала бас миының шайқалуы мен сүйек сынықтарымен ауруханаға жеткізілді.

«Балақайдың жағдайы өте ауыр, ол реанимация бөлімінде, дәрігерлердің тұрақты бақылауында», – деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Жүргізушінің өзі де жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.

«Қазір жол апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция өкілдері жүргізушілерді жаяу жүргінші өткелдерінде, әсіресе түнгі уақытта барынша сақ болуға, ал жаяу жүргіншілерді жолға шығар алдында көліктердің толық тоқтағанына көз жеткізуге шақырды.