Бейнежазбада 40 жылдан астам өскен талдардың барлығы тамырымен қырқылып, балалар алаңы мен тротуарды жауып қалғаны анық көрінеді.
Қостанайда көпқабатты үйлердің ауласындағы ондаған ағаш түп-түгел кесіліп тасталды. Кадрлар әлеуметтік желіде тараған соң, қала тұрғындары ашуға булықты. Көпшілік бұл әрекетті «экологиялық вандализм» деп атап, әкімдікті «жасыл желектің жауы» деп сынға алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бейнежазбада 40 жылдан астам өскен талдардың барлығы тамырымен қырқылып, балалар алаңы мен тротуарды жауып қалғаны анық көрінеді.
Пікір қалдырғандардың бірі: «Мұндай сұмдыққа жол бергендерді жұмыстан босату керек! Бұл ағаштар ауаны тазалап, адамдарды көлеңкемен қорғайтын еді. Енді тек шаң мен көлік түтінін жұтамыз», — деп жазды.
Тағы бір қолданушы: «Осылай қалаға тыныс беретін табиғатты қырып, өзімізге қарсы жұмыс істеп жатырмыз. Бұдан кейін экологияны кім қорғайды?» — деп наразылығын білдірді.
Ал кей тұрғындар бұл шешімді дұрыс деп санайды. Олардың пікірінше, ескі ағаштар қатты жел кезінде қауіпті болған және үйлерге күн түспей қалған. Алайда көпшілік кесілген ағаштардың орнында жаңа көшеттер отырғызылатынына сенбейді.
«Бұтағын емес, санасын кесіп тастады. Табиғатты сақтау – мәдениеттен басталады», — деп жазды жергілікті белсенді.
Қала әкімдігі әзірге жағдайға түсініктеме берген жоқ.