04.10.2025, 13:00

Қарағандыда халық 9 күн бойы жылусыз, сусыз, жарықсыз қалған: әкімдік үнсіз

Фото: видеодан скрин

Жарық жиі сөнеді, ал жылу мүлде берілмеген.

Қарағандыдағы «Томирис» тұрғын үй кешенінің (067-учаске) тұрғындары тоғызыншы күн қатарынан жылусыз, сусыз, жарықсыз отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қатты аязда үйлерде балалар тоңып жатыр, ал ересектер үйде қалыпты өмір сүрудің мүмкін еместігін айтуда. Жағдай әсіресе 5-ші және 6-шы қабаттарда қиын – су мүлде көтерілмейді. Жарық жиі сөнеді, ал жылу мүлде берілмеген.

«Жазда бұл мәселені көтердік, бірақ КСК мен әкімдік тек қолдарын жайып отыр. Ешкім жауапкершілік алмайды», – дейді тұрғындар.

Айта кетейік, дәл осы маңда жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр. Тұрғындар ашулы: «Үйлерді қаптатып салды, тұтас аудан тұрғызды, бірақ онда тұратын халықтың жылу, су, жарықсыз қалатынын ешкім ойламаған». Ашулы тұрғындар биліктен нақты шешім күтуде. «Бізді естіңдер, халыққа жылу беріңдер! Тоғыз күннен бері тоңып отырмыз!» – деп шағымданды олар.